Logo
Іздеу
Айдарлар

Бай елдер – технологияны шектеуде, кедей елдер – цифрландыруға асық. Неге?

/
Бай елдер – технологияны шектеуде, кедей елдер – цифрландыруға асық. Неге?
gettyimages

Жасанды интеллекттің жаппай қолданысқа енуі әлемнің білім беру жүйесіне ерекше өзгеріс әкелді. АҚШ-та бұл тенденция күтпеген бағытқа бұрылып, көптеген мектеп цифрлық құралдарды шектей бастады. Мұғалімдер алдауды азайту, оқушылардың назарын тұрақтандыру мен шынайы білім беру үшін қайтадан көк дәптерге, ауызша емтиханға, гаджетсіз сабаққа оралып жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл құбылыс Қазақстан үшін де өзекті. Себебі дәл қазір Оқу-ағарту министрлігі оқу процесіне жасанды интеллект енгізетін ұлттық жобаны бастады.

АҚШ-та не болып жатыр? ЖИ оқушылардың миын жидітіп жіберді

The Economist басылымының жазуынша, АҚШ мұғалімдері соңғы екі жылда жаңа тәсілге көшті. ChatGPT сияқты құралдар тапсырмаларды толық орындап бере алатындықтан, оқушылар өз бетінше ойланудан қалған. Сауалнамалар нәтижесі жағдайдың қаншалықты өзгергенін көрсетеді:

  • Мұғалімдердің 66%-ы ЖИ пайда болғалы тапсырмалар форматын өзгертті;
  • Өзгерткендердің 76%-ы қолжазбаны талап етеді;
  • 87%-ы бағалауға ауызша презентация енгізген;
  • 43%-ы математика тек қағаз-қаламмен шығарылуы тиіс деп санайды.

Университеттерде де жағдай мәз емес. Оқытушылар студенттердің "ЖИ ойдан шығарған мақалаларды" мысалға келтіріп жүргенін айтады. Көбі интернеттен көшіріп, тапсырмаларды автоматты түрде орындап тапсырып жүр. MIT профессоры Райх: "Кей оқушылар соңғы оқу жылында бірде-бір үй жұмысын өздері істемеген, бәрін ЖИ орындағанын ашық мойындайды", – деген екен.

Көк дәптер мен ауызша емтихандар қайта оралды

АҚШ-тың ондаған мектептері телефонсыз сабақ, планшетсіз аудитория, көк дәптер, ауызша жауап сияқты бұрынғы классикалық тәсілдерге қайта оралып жатыр. Мұның басты себебі – екі фактор:

  1. Көшіре салу күрт артты. ЖИ бір сәтте кез келген эссе, талдау, есеп шығарып береді;
  2. Оқушылардың зейіні күрт төмендеді.

2025 жылғы EdWeek зерттеуінде мұғалімдердің 56%-ы "Ноутбуктер мен планшеттер оқушылардың зейінін бұзды" деп көрсеткен.

Тек АҚШ емес, Еуропаның кей елдері де технологияны шектеуге көшті. Швеция – бастауышта цифрлық құралдарды алып тастап, қағаз оқулыққа оралды. Дания, Финляндия – цифрлық жүктемені азайтты, себебі баланың зейіні, сауаттылығы мен ойлау қабілеті нашарлап бара жатқаны алаңдаушылық тудырған. Яғни бай елдер цифрдан кері шегініп жатыр, ал дамушы елдер әлі цифрландыруды қуып келеді.

Қазақстан не істеу керек?

Бұл мақаланың Қазақстан үшін мәні жоғары. Өйткені біздің ел дәл қазір мектептерге жасанды интеллект енгізуді бастап отыр. Оқу-ағарту министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, мұғалімдердің жүктемесін азайтатын, оқу процесін цифрландыратын шешімдер қарастыруда. Алайда АҚШ-тағы құбылыс бір мәселені айқын көрсетті – цифрландыру әрқашан білім сапасын арттырмайды. Кейде керісінше зиян келтіреді.

Тіпті бұл бағытта Мәжіліс депутаты (бұрынғы Білім және ғылым министрі) Асхат Аймағамбетов те өзінің алаңдаушылығын білдірген.

"The Economist жазғандай, АҚШ пен Еуропада мектептер қайтадан жазбаша және ауызша емтихандарға орала бастады. Бірқатар елдер сабақта телефон мен ноутбукты шектеп, қолмен жазуды және ауызша жауапты күшейтіп жатыр. Зерттеулер ауқатты отбасылардың балалары гаджетке аз отыратынын, ал осал топтарда керісінше екенін көрсетеді. ChatGPT дәуірінде мектептегі назарды сақтайтын ортаны күшейту, ең бастысы – жазу, оқу, ауызша сөйлеу мен сыни ойлау сияқты базалық дағдыларды қайта күшейту өте маңызды", – деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Қазақстанда білім беру жүйесін цифрландыру барысында ең алдымен тепе-теңдікті сақтау маңызды. Қолжазба форматына біртіндеп оралу – оқу нәтижесін жақсартудың тиімді жолы, себебі қазіргі таңда оқу сауаттылығының төмендеуі байқалып отыр. Қолмен жазу баланың ақпаратты талдауын, есте сақтауын, сөздік қорын және ойлау дағдысын күшейтеді. Сонымен бірге ауызша емтихандарды көбейту де ерекше мәнге ие. Себебі ауызша жауап ЖИ арқылы алдауға келмейді, оқушы өз ойын жүйелі жеткізіп, тыңдап-түсіну қабілетін дамытады. Сабақ барысында гаджет қолдануды шектеу де қажет: бұл оқушының назарын тұрақтандырып, мұғаліммен байланысын нығайтады және эмоциялық шаршауды азайтады. Жасанды интеллектіге толық тыйым салмай, керісінше оны көмекші құрал ретінде сауатты пайдалану керек. Ол ақпаратты түсіндіруге, бағалауға, мұғалімнің жүктемесін жеңілдетуге көмектескенімен, педагогтың адаммен қарым-қатынас орнататын, эмоция мен құндылықты жеткізетін орны ешқашан алмастырылмайды.