Алдағы уақытта "педагог-шебер" біліктілік санатына қойылатын талаптар қайта қаралып, авторлық бағдарламалар әзірлеу міндеті алынып тасталады. Оның орнына мұғалімнің кәсіби деңгейін бағалаудың баламалы тәсілдері енгізілмек, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді. Оның айтуынша, аттестация талаптары педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталуы тиіс.
"Аттестация кезінде педагогқа қойылатын талаптар педагог қызметінің нақты нәтижесіне бағытталып, формалды құжат айналымын азайтуы қажет, кәсіби шеберлікті бағалаудың сапасын арттыруға мүмкіндік беруге тиіс", – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрліктің бастамасымен білім беру саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді талдайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді педагогтер тартылған.
Айта кетейік, бұған дейін министрлікке келіп түскен ұсыныстардың басым бөлігі аттестаттау кезінде мұғалімдерден авторлық бағдарламалар әзірлеу талабын алып тастауға қатысты болған.