Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Білім

"Педагогтерге негізсіз қысым көрсетілмеуі тиіс": Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің құқығын қорғау туралы айтты

"Педагогтерге негізсіз қысым көрсетілмеуі тиіс": Оқу-ағарту министрі мұғалімдердің құқығын қорғау туралы айтты
Жұлдыз Сүлейменова. Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің еңбек жағдайын жақсарту, олардың құқықтарын қорғау және білім беру жүйесіндегі артық жүктемені азайту мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында білім беру саласын дамытуға қатысты маңызды міндеттер жүктегенін атап өтті. Оның айтуынша, алдағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасау және оларды қажетсіз міндеттерден босату.

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімдердің уақытын алатын есептілік пен қосымша жұмыстарды барынша қысқарту қажеттігін жеткізді. Әсіресе білім беру ұйымдарындағы цифрлық жүйелер ұстаздарға қосымша салмақ түсірмей, керісінше, олардың күнделікті жұмысын оңтайландыруға қызмет етуі керек.

"Біріншіден, мұғалімдердің артық жүктемесін азайтуымыз керек. Цифрлық жүйелер мен есептілік педагогтің уақытын алатын қосымша міндетке емес, жұмысын жеңілдететін құралға айналуы тиіс. Ұстаздың басты міндеті – балаға сапалы білім беру және саналы ұрпақ тәрбиелеу", – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Министрдің мәлімдеуінше, білім беру саласындағы өзекті мәселелердің тағы бірі – педагогтердің кәсіби беделі мен заңды құқықтарын сақтау. Мектеп қабырғасында туындайтын түрлі келіспеушіліктер кезінде жағдайға біржақты баға бермей, барлық тараптың жауапкершілігін ескеру маңызды.

Ол қандай да бір даулы оқиғаға байланысты мұғалімді негізсіз айыптауға немесе қысым көрсетуге жол берілмеуі керектігін ерекше атап өтті.

"Екіншіден, педагогтердің ар-намысы мен құқықтарын қорғау қажет. Мектептегі кез келген даулы жағдай заң талаптарына сәйкес, әділ әрі жан-жақты қаралуы тиіс. Бұл ретте оқушының, ата-ананың, мұғалімнің және мектеп әкімшілігінің жауапкершілігі ескеріліп, педагогтерге негізсіз қысым көрсетуге жол берілмеуі керек", – деп жазды министр.

Сонымен қатар ведомство басшысы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау мәселесін көтерді. Бұл бағытта білім беру ұйымдарының қолжетімділігін арттыру, арнайы мамандарды даярлау және балалардың жеке қажеттіліктерін ерте кезеңде анықтау жұмыстарына назар аударылмақ. Министр инклюзивті білім беру жүйесін жетілдіру арқылы әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік қалыптастыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ қосымша қолдауды қажет ететін оқушыларға педагогикалық көмектің уақытылы көрсетілуі маңызды екенін айтты.

Жұлдыз Сүлейменованың пікірінше, білім беру саласында қолға алынатын бастамалардың нәтижесі ең алдымен мұғалімдердің күнделікті жұмысынан және оқушыларға жасалған мүмкіндіктерден көрінуі тиіс.

"Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаудағы басты өлшем – мұғалім мен балаға нақты пайда әкелу. Әрбір өзгеріс ұстаздың жұмысын жеңілдетіп, баланың білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс", – деп түйіндеді министр.