Өзбекстанның Ташкент облысы Бостанлық ауданына қарасты Қараманас ауылындағы №34 мектепке қазақ жазушысы, драматург, аудармашы және қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың есімі берілді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Бұл бастама Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің қолдауымен және Ташкент облысы әкімінің шешімімен жүзеге асқан.
2 қыркүйекте мектепте жаңа оқу жылының басталуына және туған жерінде жазушының есімін ұлықтауға арналған салтанатты іс-шара өтеді.
Жиынға Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, екі елдің білім және мәдениет саласының өкілдері қатысады. Сондай-ақ Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжанов, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті, профессор Ақтоты Райымқұлова, қаламгерлер мен әдебиеттанушылар, жазушының ұрпақтары, ұстаздар мен оқушылар шақырылған.
Іс-шара барысында жаңартылған мектеп кітапханасы мен Рахметолла Райымқұловқа арналған мемориалдық бұрыш ашылады. Сонымен қатар кітапхана қорына жаңа әдебиеттер табысталып, оқушылар арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға және жазушы мұрасын дәріптеуге бағытталған рухани-ағартушылық кеш ұйымдастырылады.
Рахметолла Райымқұлов 1913 жылы Ташкент облысы Бостанлық ауданының Қараманас ауылында дүниеге келген. Ол қазақ және өзбек әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, екі халық арасындағы рухани байланысты нығайтуға үлес қосты.
Қаламгердің "Жасыл белес", "Түйелі адам", "Балдақты адам", "Қара жорға" сынды шығармалары қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар туындылардың қатарында.