Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектебінің (РФММ) директоры қызметінен өз еркімен кетті. Бұған дейін аталған білім ордасында ондаған оқушының жаппай улану дерегі тіркелген болатын, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мектептің баспасөз қызметі басшының жұмыстан кеткенін растады. Алайда оның қызметінен кетуіне нақты не себеп болғаны жөнінде қосымша мәлімет берілмеді.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков та Telegram арнасында жазды. Оның мәліметінше, мектептегі оқу процесі әлі толық қалпына келмеген. Атап айтқанда, 16 қарашадан бастап білім ордасында сабақ гибридті форматта өтеді деп жоспарланып отыр. Алматы қаласында тұратын оқушылар мектепке барып білім алса, интернат тәрбиеленушілері әзірге қашықтан оқуды жалғастырады.
Мұндай шешім интернаттағы тамақтандыру мәселесінің әлі шешілмеуіне байланысты қабылданған.
Мәліметке сәйкес, оқушыларды интернатқа қайта орналастыру асхана жұмысы толық қалпына келтірілгеннен кейін ғана мүмкін болады.
Еске салайық, 12-14 қазан аралығында Алматыдағы Республикалық физика-математикалық мектебінің 47 оқушысы ішек инфекциясына ұқсас белгілермен ауруханаға жеткізілген болатын.
Кейін медициналық мекемелерге тағы бірнеше бала жатқызылды. Осы жағдайдан соң мектеп әкімшілігі оқушыларды қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылдаған.