Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Білім

Оқу министрі ата-аналардың мұғалімге кешкі уақытта хабарласуына қатысты түсініктеме берді

Оқу министрі ата-аналардың мұғалімге кешкі уақытта хабарласуына қатысты түсініктеме берді
Жұлдыз Сүлейменова. Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ата-аналар мен мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс кездегі қарым-қатынасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрдің айтуынша, ата-аналар педагогтің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауы қажет.

Жұлдыз Сүлейменова мұғалімнің бір күн ішінде бірнеше сыныппен жұмыс істейтінін, сабақтан кейін де дәптер тексеріп, баға қойып, келесі күнгі сабаққа дайындалатынын атап өтті.

"Әр педагог орта есеппен күніне 6 оқу сағатын өткізеді. Оның барысында мұғалім жүздеген баламен жұмыс істейді. Сабақ уақыты біткен соң олардың дәптерін тексеріп, баға қояды. Келесі күні сабаққа жақсы дайындықпен келуі үшін мұғалім тынығуы керек. Сондықтан ата-аналар мұғалімнің кешкі уақыттағы жеке өміріне құрметпен қарауы тиіс", – деді министр.

Бұған дейін мұғалімдердің кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналар чатындағы сұрақтарға жауап бермеуіне болатыны туралы пікір қоғамда талқыланған еді.

Министрдің сөзінше, "Педагог мәртебесі туралы" заң аясында мұғалімнің жұмыс және жеке уақытына қатысты мәселе қарастырылған. Ал нақты кешкі 18:00-ден кейінгі шектеу ата-аналар қауымдастығымен ақылдаса отырып шешіледі. Сонымен қатар Жұлдыз Сүлейменова балаға қатысты шұғыл жағдайлар болуы мүмкін екенін де атап өтті.

"Әрине, балаға қатысты шұғыл жағдайлар болады. Мұндай кезде мұғалімдер жауап беруге уақыт табатынына сенімдімін", – деді ол.

Министр бұл мәселе ата-аналар қауымдастығымен бірге талқыланып, заң аясында нақты шешімін табатынын айтты.