Logo
Іздеу
Айдарлар

Бала өлімінен кейін 200-ден аса стоматология тексеріліп жатыр

/
Бала өлімінен кейін 200-ден аса стоматология тексеріліп жатыр
Сурет: Рixabay

Денсаулық сақтау министрлігі балаларды емдеу кезінде анестезия мен седация қолдану тәртібі және стоматологиялық клиникаларды тексеру туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Arasha.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, Президент Әкімшілігі, Үкімет Аппараты және Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша елде 229 стоматологиялық клиника тексерілуде.

Министрлік сауалға берген жауабында балаларға стоматологиялық көмек көрсету кезінде ауырсынуды басу, седация және жалпы наркоз қолдануға қатысты белгіленген ережелерді еске салды.

Жалпы наркоз кезінде жас пациенттердің көптік кариесін емдеуге болады. ҚР ДСМ №31 бұйрығына сәйкес, 4 жасқа дейінгі балаларға седация немесе жалпы жансыздандыру тек медициналық көрсетілімдер болған жағдайда, ата-анасының немесе заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен және «анестезиология және реаниматология» бағыты бойынша лицензия қосымшасы бар клиникаларда ғана жүргізіледі.

— Ата-аналар ақпараттандырылған келісім бергенде, барлық қажетті құжаттарды талап етіп, ем жүргізілетін жағдаймен таныса алады, — деп нақтылады министрлік.

Сонымен қатар меншік нысанына қарамастан, барлық медицина ұйымдары анестезиологиялық және реаниматологиялық көмекті реттейтін ҚР ДСМ №78 бұйрығының талаптарын сақтауға міндетті. Онда былай делінген:

— Амбулаториялық жағдайда анестезия міндетті түрде капнографиясы бар наркоз-тыныс алу аппаратымен және қан газдарын талдайтын құрылғымен жабдықталған жұмыс орнында жүргізіледі. Седация қолданылатын стоматологиялық кабинет анестезия жасауға және шұғыл көмек көрсетуге қажетті дәрілік құралдармен қамтамасыз етілуі тиіс, — деді министрлік.

Балаларға анестезиологиялық көмекті еңбек өтілі кемінде жеті жыл болатын балалар анестезиолог-реаниматологы ғана көрсете алады.

Наркозбен емдеу кезінде пациенттің өмірлік маңызды көрсеткіштері тұрақты бақылауда болуы шарт.

Бұған дейін ҚР ДСМ Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының анестезиолог-дәрігері Гүлфайрус Есенбаева Қазақстанда балалардың тістерін «Севоран» препараты арқылы наркозбен емдеу тәжірибесінің кең таралғанын айтқан. Ол жалпы наркоздың қай жағдайда негізді болатынын және оның қандай қауіптері болуы мүмкін екенін түсіндірген.

Еске салайық, Астанада 2024 жылдың қазан айында жеке стоматологияда наркоздан кейін оянбай қалған үш жасар қыздың өлімі бойынша сот өтіп жатыр. Айыпталушы ретінде анестезиолог жауап беруде.