Халық әртісі, әлемге танылған әнші Димаш Құдайберген Мысырда өзінің алғашқы жеке концертін өткізді, деп хабарлайды Arasha.kz.
30 қараша күні Димаш "The Pyramids Echo" атты тұңғыш фестиваль аясында жеке шоуын ұсынды. Бұл – оның Африка құрлығындағы, әсіресе Мысыр пирамидаларының маңында алғаш рет өнер көрсетуі. Сонымен қатар ТМД елдерінен шыққан әртістер арасында да мұндай мүмкіндікке ие болған алғашқы орындаушы болып отыр.
Пирамидалардың аңызға толы құпиялы көрінісі, кештің ерекше жарық инсталляциялары әр әнге тың эмоция, жаңа мазмұн сыйлады.
"Әр композиция – шағын спектакль тәрізді болды. Димаш әр нөмірде түрлі бейнеге еніп, көрерменді өзімен бірге жетеледі: "Fire" мен "Smoke" шығармаларында харизмасы ерекше тұлға, "Любовь уставших лебедей" әнінде шынайы сезімді қадірлей білетін ер адам, ал "When I've Got You" мен "SOS d’un terrien en détresse" орындауларында өмірдің ең маңызды құндылықтарын бағалайтын жан ретінде көрінді", – деп жазды әншінің баспасөз қызметі.
Көрермендер концерт басталғаннан финалға дейін Димаштың энергетикасына елітіп отырды. Қалың көпшіліктің ыстық ықыласының әсерімен ол сахнаға үшінші мәрте қайта шығып, бис ретінде “Weekend” әнін орындады. Кеш осылай әсерлі аяқталды, бірақ бұл – нүкте емес, көпнүкте. Себебі алда Димаштың тыңдаушыларын әлі талай жаңа кездесулер, жаңа концерттер күтіп тұр.