Қырғызстанның жеңіл өнеркәсібі бұрын-соңды болмаған дағдарысқа тап болды. Ресейдің «сұр» импортпен күресті күшейтуіне байланысты отандық тігін фабрикаларының тауарын жеткізу іс жүзінде тоқтап қалған. Соның салдарынан мыңдаған цех жабылып, ондаған мың адам жұмыссыз қалу қаупіне тірелді.
Кәсіпкерлердің айтуынша, шекарадағы жағдай сын көтермейді. Тігінші Рахат Кадырбекованың сөзінше, биылғы маусым толық жоғалған, ал қазіргі қарқынмен көктемгі маусымға да үлгеру мүмкін емес. Миллиондаған сомға алынған, кей жағдайда несиеге тігілген тауар шекарада тұрып қалған.
Бизнес өкілдері барлық қажетті құжаттары — соның ішінде Ресей қолданатын «Честный знак» таңбалау жүйесі — болғанның өзінде жүк өткізілмей отырғанын айтады. Бұл жаппай банкроттыққа әкеліп, өндірісті тұралауда.
Соңғы үш айда 2 мыңнан астам цех жабылғаны хабарланды. Осыдан кейін шамамен 40 мың адам жұмыссыз қалған. Сала қатысушыларының болжамынша, мәселе жақын арада шешілмесе, бұл көрсеткіш 100 мың адамға дейін өсуі мүмкін.
Кәсіпкерлер саланың құрылымдық проблемалары да ашық көрінгенін айтады: мемлекеттік қолдау жоқтың қасы, ал логистикалық шығындар бірнеше есе қымбаттап кеткен. Карго қызметінің бағасы соңғы айларда төрт-бес есе өсіп, килограмы 50 сомнан 250 сомға дейін жеткен.
Қырғыз өндірушілері бұл жағдай бәсекеге қабілеттілікті күрт төмендетіп жатыр деп дабыл қағады. Ресейлік тапсырыс берушілердің көбі енді Өзбекстан, Қытай сияқты елдерге бет бұрған.
Сарапшылар егер билік жедел шара қабылдамаса, Қырғызстан Ресей нарығындағы үлесінен толық айырылып, жеңіл өнеркәсіп саласында жаппай жұмыссыздыққа тап болуы мүмкін екенін ескертеді.