Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Баянауылда тікұшаққа оқ атылғаны хабарланды: Полиция оқиғаны тергеп жатыр

Баянауылда тікұшаққа оқ атылғаны хабарланды: Полиция оқиғаны тергеп жатыр
Видеодан кадр: ТЖМ баспасөз қызметі

Павлодар облысының Баянауыл ауданында орманды қорғау жұмыстарына пайдаланылатын тікұшақтың зақымданғаны анықталды. Әлеуметтік желіде әуе кемесіне оқ атылғаны туралы ақпарат тараған. Оқиғаға қатысты құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Қазавиаорманқорғау" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны тікұшақтың зақымданғанын ресми түрде растады. Мекеме мәліметінше, 1 қарашада орманды қорғау мақсатында пайдаланылатын әуе кемесін тексеру кезінде зақымдану белгілері байқалған.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Баянауыл ұлттық паркінің аумағында тікұшаққа оқ атылғаны туралы ақпарат тараған. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, жергілікті қызметкерлердің бірі атыс қаруын қолданған болуы мүмкін. Атылған оқ тікұшақтың құйрық бөлігіндегі тік тұрақтандырғышына тиіп, саңылау қалдырғаны айтылды. Алайда бұл ақпаратты құзырлы органдар әзірге ресми түрде растаған жоқ.

"Қазавиаорманқорғау" өкілдері әуе кемесінің зақымдану дерегі құқық қорғау органдарының қарауына берілгенін мәлімдеді.

"Аталған дерек бойынша материалдар құқық қорғау органдарының қарауында. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тергеуге қатысты өзге де мәселелер құқық қорғау органдарының құзыретіне жатады", – деп хабарлады кәсіпорынның баспасөз қызметі.

Әзірге тікұшақтың нақты неден зақымданғаны, оқ атылған болса, оны кім және қандай жағдайда атқаны белгісіз. Оқиғаға қатысты түпкілікті қорытынды тергеу нәтижесінде белгілі болады.

Бөлісу