SCAT әуе компаниясының Ақтөбе – Алматы бағытындағы рейсінде қайғылы жағдай тіркелді: ұшақ көтеріле бастағаннан кейін бір жолаушының денсаулығы күрт нашарлап, көз жұмғанын тасымалдаушы растады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Компания таратқан ақпаратқа сәйкес, бортсеріктер бірден алғашқы медициналық көмек көрсетуді бастаған. Сол сәтте ұшақ ішінде болған кардиолог та реанимациялық әрекеттерге қосылғанымен, жолаушының жағдайы өте жылдам нашарлап кеткен.
Осыған байланысты экипаж командирі әуе кемесін шұғыл түрде Ақтөбеге қайтару туралы шешім қабылдаған. Ұшақ жедел қонған соң жолаушы дәрігерлерге тапсырылғанымен, медициналық қызмет оның өмірден өткенін растады.
Қазір марқұмның кім екені және жағдайының күрт нашарлау себебі анықталып жатыр.
Әуе компаниясы марқұмның жақындарына көңіл айтып, қайғыларына ортақтасатындарын жеткізді.