BBC, «Медиазона» агенттігі мен ерікті зерттеушілер тобы ашық деректер негізінде Украинадағы кең ауқымды соғыс кезінде қаза тапқан 155 368 ресейлік әскери қызметкердің есімін анықтады. Соғыс басталғаннан кейін Ресей армиясымен келісімшартқа отырған еріктілер қазір барлық қаза тапқандардың үштен бірін құрайды. Бір жыл бұрын бұл санат небәрі 15% болған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қаза тапқан еріктілердің 44%-ы – 45 пен 55 жас аралығындағы ер адамдар. Жалпы барлық санаттарды қоса есептегендегі орташа жас — 38.
Некрологтар мен туыстарының сөздеріне қарағанда, 2022 жылдан кейін келісімшартқа отырғандардың басым бөлігі бұл шешімді өз еркімен қабылдаған. Соғысқа дейін олардың көпшілігі азаматтық салада жұмыс істеген, армиямен байланысы болмаған. Алайда қысым көрсету жағдайлары да тіркелген — мұндай шағымды көбіне мерзімді қызметтегілер айтқан. Құқық қорғаушылар Шешенстан тұрғындарының да қысым мен қауіптен кейін соғысқа баруға келіскен бірнеше жағдайды анықтаған.
Мәскеу облысының Павловский Посад қаласынан шыққан Александр Грунин 53 жасында келісімшартқа қол қойған. Бұған дейін ол бүкіл өмірін зауыт пен фабрикаларда жұмыс істеумен өткізген, бірақ бұл еңбек оған қаржылық тұрақтылық әкелмеген. Федералдық сот орындаушыларының деректеріне сәйкес, 2018 жылдан бастап Александрдың қарызы көбейе бастаған, жалпы сомасы 86 мың рубльге жеткен.
2024 жылдың қазанында Александр Ресей армиясымен келісімшартқа отырды — сол кезде федералдық және өңірлік төлемдерді қоса есептегенде, оған 3 млн рубль сыйақы берілетін болған. Бұл Павловский Посадтағы орташа айлық еңбекақыдан 29 есе көп.
Келісімшарттан кейін Александрды Курск облысына жіберді. Екі айдың ішінде ол бірнеше рет жараланған.
«Әкемнің үш жарақаты болды: екеуі аяғына, бірі қолына тиген. Бірақ ол госпиталде жатпады, өйткені соғыса алатын адам жетпей жатты», — деп жазды қызы естелік жазбасында.
2025 жылдың қаңтарында Александр қаза тапты. Ол соғыста үш айдай уақыт қана болған.