Logo
Іздеу
Айдарлар

Сүйінші, ағайын! Иран президенті Қазақ хандығына қатысты құнды құжаттарды берді

/
Сүйінші, ағайын! Иран президенті Қазақ хандығына қатысты құнды құжаттарды берді
Ақорда. Суретте: Қасым-Жомарт Тоқаев пен Масуд Пезешкиан

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты құнды деректер туралы айтты. Оның сөзінше, Иран делегациясы бүгін Қазақстанға Қазақ хандығы мен XVIII ғасырдағы қазақ қоғамы туралы маңызды қолжазбалардың көшірмелерін жеткізген, деп хабарлайды Arasha.kz.

Мемлекет басшысы Ұлы Жібек жолының Қазақстан мен Иран аумағы арқылы өтіп, екі халық арасындағы мәдени, рухани және экономикалық байланысты тереңдеткенін атап өтті.

"Иран мұрағаттарында Қазақ хандығының және қазақтың жаужүрек халық екені туралы жазбалар сақталған. Тәуке хан мен шах Сұлтан Хусейн арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Екі ел өкілдері Мәскеуде кездесіп, Иран елшісі қазақ даласына сапармен келді деген тарихи мәліметтер бар екен. Әбілқайыр хан Нәдір шахқа елші жіберіп, байланысты дамытуға ниет білдірген. Түркістандағы Әзірет сұлтан кесенесіндегі Тайқазан Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің шеберханасында жасалған", –деді Президент.

Тоқаев қазақ пен парсы халықтарының тарихи-мәдени жақындығына да тоқталды. Ғалымдардың айтуынша, қазақ тіліндегі парсы сөздерінің үлесі шамамен 4 пайызды құрайды. Оған астана, пайда, дәрумен, аула, ораза сияқты сөздер жатады.

Сондай-ақ, Президент Ирандағы қазақ диаспорасына назар аударды.

"Бүгінде Гүлстан провинциясының Горган, Бандар-Түрікмен және Күмбед-Кавус қалаларында 5 мыңнан астам қазақтар өмір сүреді", – деді ол.

Иран тарапы ұсынған 27 көне қолжазбада Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, көрші елдермен байланысы, өңірдегі геосаяси бәсекелестік, Түркістанның маңызы және Ресей патшалығының қазақ даласына қатысты әрекеттеріне арналған талдаулар бар. Сонымен бірге, қолжазбаларда қазақ жеріндегі көмір, темір, мыс, қорғасын мен бирюза кендерінің табылуы және оларды өндіру туралы мәліметтер де қамтылған.