Қытай әлемдік автонарықты жаңа бағытта «жаулап» жатыр. Бірақ бұл жолы әңгіме электромобильдер туралы емес. Reuters агенттігінің арнайы зерттеуіне сәйкес, Қытай ішкі нарығында өтпей қалған бензинмен жүретін көліктерін жаппай шетелге шығарып, дамушы елдер мен екінші деңгейлі нарықтарды арзан автокөлікпен толтыруда. Соңғы бес жылда Қытай автоэкспорты күрт өсіп, жылдық жеткізілім көлемі 1 миллионнан 6,5 миллион көлікке дейін жеткен. Оның 76 пайызы – бензиндік автомобильдер.
Бұл құбылыстың түп-төркіні Қытайдың өзі таңдаған индустриялық саясатта жатыр. Ел ішінде электромобильдерге берілген жаппай субсидиялар мен мемлекеттік қолдау дәстүрлі бензин көліктерінің сатылымын күрт құлатты. Нәтижесінде жылына 20–30 миллион бензиндік көлік шығаруға қауқарлы зауыттар бос тұр. Осы артық өндірістік қуат енді сыртқы нарыққа бағытталып, Қытай автоконцерндерін экспортқа тәуелді етуде. Сарапшылардың айтуынша, «өтпей қалған көлік – шетелге жөнелтіліп жатыр».
Қытайлық автоөндірушілер әсіресе электр инфрақұрылымы дамымаған елдерге ден қойды. Шығыс Еуропа, Латын Америкасы, Африка, Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бензиндік көлік әлі де сұранысқа ие. Польша, Чили, Уругвай, Оңтүстік Африка сияқты елдерде қытайлық брендтердің үлесі жыл сайын артып келеді. Бағасы арзан, дизайны заманауи, жабдықталуы жақсы бұл көліктер жергілікті нарықтағы дәстүрлі еуропалық және жапондық брендтерге тікелей бәсеке тудырып отыр.
Reuters зерттеуінде айтылғандай, Қытай қазір бензиндік көлік экспортының өзі арқылы әлемдегі ең ірі автоэкспорттаушы елге айналған. AlixPartners консалтингтік компаниясының болжамынша, 2030 жылға қарай қытайлық автокомпаниялар жаһандық автонарықтың 30 пайызына дейін бақылауына алуы мүмкін. Бұл өсім міндетті түрде басқа ойыншылардың есебінен жүзеге асады. Яғни, әлемдік автонарықта күрес енді АҚШ пен Еуропада емес, дамушы елдерде қыза түспек.