Үндістан үкіметінің мәліметінше, Ресей Украинаға қарсы соғысқа елдің 200-ден астам азаматын шырмап, соғысқа аттандырған, деп хабарлайды Arasha.kz.
Хабарламада 26 адамның қаза тапқаны, тағы жеті адамның хабар-ошарсыз кеткені айтылған.
Дели Мәскеумен шамамен 50 үндістандықты елге қайтару жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұған дейін 100-ден астам адам Үндістанға қайтарылған.
Мәскеу армия қатарына тек өз еркімен қосылғысы келетін шетел азаматтары ғана алынатынын мәлімдеді.
Үндістан, Непал және Шри-Ланка билігі Ресей жағында Украинада соғысып жүрген жүздеген азаматтары бары анықталғаннан кейін, өз азаматтарын жалған уәделерге сенбеуге шақырды.
Украинадағы соғыста хабар-ошарсыз кеткендердің туыстарының айтуынша, ресейлік агенттер жас ер адамдарды жоғары жалақысы бар заңды жұмыс пен баспана уәде етіп алдаған. Алайда оларды орыс тіліндегі мазмұнын түсінбейтін келісімшарттарға қол қойдыруға мәжбүрлеп, майданға жіберген.