Logo
Іздеу
Айдарлар

Бекежанның да дәм-тұзы таусылды: Халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті

/
Бекежанның да дәм-тұзы таусылды: Халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасында өмірден өтті
ашық дереккөзден

Қаралы хабарды ақын Маралтай Райымбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.

"Ақ туың жығылды ғой, Алашым-оу!" – деп жазды ақын.

Асанәлі Әшімов – кеңестік және қазақстандық кино мен театр өнерінің ең ірі тұлғаларының бірі, ұлттық мәдениеттің символына айналған өнер иесі. Ол актерлік шеберлігімен ғана емес, режиссерлік және педагогикалық қызметі арқылы да қазақ өнерінің дамуына орасан үлес қосты. Асанәлі Әшімов 1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысы, Сарысу ауданында дүниеге келген.

Өнер майталманының шығармашылық жолы қазақ театры мен киносының қалыптасу және кемелдену тарихымен тығыз өрілді. Ол сахна мен экранда терең психологиялық, тағдырлы бейнелерді сомдап, бірнеше буын көрерменнің ықыласына бөленді. Әшімов қалыптастырған актерлік мектеп шынайылыққа, ішкі драматизм мен көркемдік дәлдікке негізделген ерекше құбылыс ретінде бағаланады.

Сонымен қатар ол режиссер ретінде де ұлттық театр эстетикасына өзіндік өрнек қосты. Ұзақ жылдар бойы ұстаздық қызмет атқарған Асанәлі Әшімов жас актерлерге тәлім беріп, қазақ актерлік дәстүрінің үзілмей жалғасуына еңбек сіңірді. Профессор ретінде ол өнер жолындағы бай тәжірибесін шәкірттеріне арнады.

Өмірінің соңғы кезеңіне дейін Асанәлі Әшімов Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті, сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі қызметін атқарып, ұлттық театрдың көркемдік бағытын айқындауға атсалысып келді.

Өнердегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол 1976 жылы "Қазақ КСР халық әртісі", 1980 жылы "КСРО халық әртісі" атақтарына ие болды. Сондай-ақ Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының (1973) және КСРО мемлекеттік сыйлығының (1974) лауреаты атанды. 2017 жылы Асанәлі Әшімовке елдегі ең жоғары марапаттардың бірі – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағы табысталды.