Logo
Іздеу
Айдарлар

Асанәлі Әшімовті жерлеу рәсімі қайда және қашан өтеді?

/
Асанәлі Әшімовті жерлеу рәсімі қайда және қашан өтеді?
ашық дереккөзден

Бүгін қазақ өнері орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Театр мен кино өнерінің заңғар тұлғасы, Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов 88 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Қаралы хабар күллі қазақ жұртшылығын есеңгіретіп, елді терең қайғыға батырды, деп хабарлайды Arasha.kz

Kznews.kz жазуынша, марқұммен қоштасу рәсімі 23 желтоқсан күні сағат 10:00-де Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді. Мекенжайы: Қабанбай батыр көшесі, 110.

Алдын ала мәлімет бойынша, қабылдау (қонақасы) рәсімі 22 желтоқсан күні сағат 18:00-де Құрманғазы көшесі, 44 мекенжайындағы "Қабылдау үйінде" ұйымдастырылады.

Жерлеу рәсімі "Кеңсай-1" зиратында өтеді. Ал ас беру 23 желтоқсан күні сағат 13:00-де Алматы қаласындағы "Royal Tulip" мейрамханасында (Достық даңғылы, 401/2) жоспарланған.

Асанәлі Әшімов қазақ театры мен ұлттық кино өнерін жаңа биікке көтерген бірегей тұлға ретінде ел жадында қалды. Оның сахнада сомдаған әрбір рөлі – тұтас бір мектеп, ал экрандағы бейнелері – тарих. Ол өнерге адалдық пен кәсіби жауапкершіліктің, ұлттық рухтың биік өлшемін қалыптастырды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәдениет және ақпарат министрлігі, сондай-ақ өнер және қоғам қайраткерлері, әріптестері мен шәкірттері марқұмның отбасы мен жақындарына, барша қазақ халқына көңіл айтып жатыр.