Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінде 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджетті талқылау барысында депутаттар арасында төбелес шықты, деп хабарлайды Arasha.kz.
Haberler басылымының жазуынша, оқиға барысында оппозициялық Республикалық халық партиясы фракциясы төрағасының орынбасары Мұрат Эмир биліктегі Әділет және даму партиясы (AK Parti) атынан сайланған депутат Мұстафа Варанкқа тиісіп, дау ушыққан. Әріптестері араша түсемін деген кезде жанжал жаппай төбелеске ұласты.
Басқа депутаттардың араласуынан кейін ғана жағдай реттелді. Орын алған келеңсіз жайтқа қарамастан, парламент 2026 жылға арналған бюджет жобасын және 2024 жылдың қаржылық есебі бойынша құжаттарды қабылдады.
Айта кетейік, мұндай оқиға Түркия парламентінде алғаш рет болып отырған жоқ. 2022 жылы да бюджет талқылауы кезінде депутаттар арасында төбелес шығып, парламент төрағасы отырысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді.