АҚШ президенті Дональд Трамп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өз қолтаңбасы қойылған бейсболка мен Ақ үйдің символикалық кілтін сыйға тартты. Бұл туралы президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
«Сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейінгі қысқаша әңгіме барысында АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Мағжан Ильясовпен осы жылдың қараша айында Овальды кабинетте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесуден алған әсерімен бөлісті. АҚШ президенті сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірнеше сыйлық жолдады. Олардың қатарында Ақ үйдің символикалық кілті мен оның жеке қолтаңбасы бар бейсболка бар», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар ол Қазақстан президентіне жеке жылы лебізін жеткізіп, оған деген құрметін білдіріп, «тамаша адам әрі халықаралық үдерістерді терең әрі байыпты түсінетін тәжірибелі мемлекет қайраткері» деп атап өтті.