Logo
Іздеу
Айдарлар

Алматының тарихи келбеті қалай сақталады: сәулетшілер не дейді?

/
Алматының тарихи келбеті қалай сақталады: сәулетшілер не дейді?
Almaty.tv

Алматының тарихи бейнесін сақтау мен қаланы заман талабына сай жаңғырту – бүгінде қоғамда қызу талқыланып отырған өзекті мәселенің бірі. Осы тақырыпты тереңірек ашу мақсатында Almaty TV телеарнасы урбанистика, жайлы орта қалыптастыру және сәулет мұрасын қорғауға арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» жобасын іске қосты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бағдарламада сәулетшілер, сала мамандары мен сарапшылар Алматыдағы қайта жаңғырту үдерістері қалай жүріп жатқанын, тарихи нысандарды сақтауда қандай қиындықтар барын және қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру үшін қандай шешімдер қабылданып жатқанын қарапайым әрі түсінікті тілмен баяндайды.

Алматыдағы тарихи нысандарды жөндеу мәселесі әрдайым қоғамда екіұдай пікір тудырып келеді. Бір тарап қаланың тарихи келбеті бұзылады деп қауіптенсе, екінші тарап уақытылы жаңғыртылмаса, мұндай ғимараттар адамдар үшін қауіпті бола түсетінін алға тартады. «Архитектор» жобасы сырттай сәнді көрінетін нысандардың өзінде күрделі инженерлік мәселелер жасырын болуы мүмкін екенін нақты мысалдар арқылы көрсетеді.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі – Қазақ мемлекеттік циркі сөз болды. 1962–1972 жылдары салынған, 2160 көрерменге арналған бұл ғимаратта соңғы күрделі жөндеу жұмыстары он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.

Цирк директоры Мақсат Жайықовтың айтуынша, нысанға жай косметикалық жөндеу емес, кешенді жаңғырту қажет. Ескірген инженерлік жүйелер мен жылу шығынының көптігі, әсіресе балаларға қолайсыздық тудырып отыр.

Алматы қаласы Құрылыс басқармасының тексерісі барысында инженерлік желілерде, шатыр мен құрылымдарда бірқатар ақаулар анықталған. Дегенмен, қайта жаңғырту кезінде цирктің тарихи келбеті толық сақталады: қасбеті, сәндік элементтері мен фойедегі түпнұсқа еден жабындысы өзгеріссіз қалады. Жаңарту тек инженерлік коммуникациялар, есік-терезе және шатырмен шектелмек.

«Архитектор» жобасында білім беру мекемелерінің жай-күйі де қозғалды. Атап айтқанда, салынғанына 100 жылдан асқан №90 мектеп-лицейі апатты деп танылған. Ғимарат шамадан тыс жүктелген, кейбір құрылымдары оқушыларға қауіп төндіреді.

Мектеп директоры Бүлбүл Оспанбек:

«Балалардың қауіпсіздігі – бәрінен маңызды. Ғимарат әлдеқашан күрделі жаңғыртуды қажет етіп отыр», – дейді.

Ал Алматы қаласы Құрылыс басқармасының жобалау және техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Сырым Тұрлыби техникалық тексеріс нәтижесіне тоқталды. Оның айтуынша, жоба көтергіш құрылымдарды сейсмонығайту, инженерлік инфрақұрылымды ауыстыру, санитарлық талаптарға сай қайта жоспарлау, өрт қауіпсіздігін күшейту және аумақты абаттандыру шараларын қамтиды.

Сейсмонығайту жұмыстары №56 гимназияда да жүргізіліп жатыр. Қоғамда әртүрлі пікір туындағанымен, мамандар барлық сәндік элементтер қайта қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Аталған мектептің негізгі корпусы 1928 жылы салынған, ал кейінгі корпустары 1960-жылдары бой көтерген. Қазір мұнда жобалық қуатынан екі есе көп оқушы білім алуда.

Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, барлық қайта жаңғырту жұмыстары 2040 жылға дейінгі қаланың Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылады және қатаң бақылауда болады.

Елдің құрметті сәулетшісі Жанат Айтілеу:

«Жобада көзделген барлық ғимараттар бастапқы қалпына сай жөнделеді. Жұмыстар аяқталған соң, алаңдаушылық білдіргендер күмәннің орынсыз екеніне көз жеткізеді», – дейді.

Оның айтуынша, Алматыда тарихи және мәдени ескерткіш саналатын 162 нысан бар. Оның 34-і республикалық маңызға ие, қалғандары – жергілікті маңыздағы нысандар. XIX–XX ғасырларда салынған ғимараттардың тозуы – заңды құбылыс, бірақ оларды жаңғырту барысында тарихи келбет толық сақталады.

«Архитектор» жобасы қаланың дамуы мен тарихи мұраны сақтау бір-біріне қайшы емес екенін айқын көрсетеді. Бастысы – кәсіби көзқарас, тұрғындармен ашық диалог және қауіпсіздікті бірінші орынға қою. Алматының болашағы дәл осы теңгерімге байланысты.