Әзербайжан президенті Илхам Әлиев Санкт-Петербургте өткен ТМД елдері басшыларының саммитіне бармады. Президент әкімшілігі бұл шешімді мемлекет басшысының жұмыс кестесінің тығыздығымен түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
"Настоящее время" мәліметінше, Ресей тарапы Әлиевтің келуін күтіп, саммитке арнайы дайындық жүргізген. Алайда оның қатыспайтыны соңғы сәтте белгілі болған.
Айта кетейік, Әзербайжан президенті Санкт-Петербургке соңғы рет 2023 жылы ТМД көшбасшыларының жиынына қатысу үшін келген. Ал 2024 жылы Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының Embraer 190 ұшағы апатқа ұшырағаны туралы ақпарат тарағаннан кейін, Әлиев ұшағын кері бұрып, іс-шараға қатысудан бас тартқан еді.
Еске салсақ, 2024 жылдың 25 желтоқсанында AZAL компаниясының Баку – Грозный бағытымен ұшқан Embraer ұшағы Ақтау маңында құлады. Бортта 62 жолаушы болған: олардың 37-сі – Әзербайжан, 16-сы – Ресей, 6-уы – Қазақстан, 3-уі – Қырғызстан азаматтары.
Кейін халықаралық БАҚ дереккөздеріне сүйеніп, ұшаққа Ресей аумағында оқ атылғаны жөнінде ақпарат таратты. Осы оқиғадан кейін Баку мен Мәскеу арасы суып кетті.