Ресей президенті Владимир Путин кейбір посткеңестік елдерді «өз еркімен берілген аумақтар» деп атаған. АҚШ-та Путин мен Джордж Буштың 2001, 2005 және 2008 жылдары өткен жабық келіссөздерінің стенограммалары жарияланды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ресей лидерінің американдық әріптесімен алғашқы кездесуінде айтқан сөздері ерекше назар аудартты. Ол жерде Путин Қазақстанды, Украинаны және Кавказды «өз еркімен берілген аумақтар» деп ашық атап, мұның «естіп-көрмеген жағдай» екенін жеткізген. 2001 жылғы әңгімеде Владимир Путин «партия жетекшілерінің қателіктеріне» шағымданып, олардың кесірінен Ресей мыңдаған шаршы шақырым жерінен айырылды деп есептеген.
Атап айтқанда, ол Қазақстанның «ғасырлар бойы Ресейдің бір бөлігі болғанын» баса айтып, одан айырылғанына өкініш білдірген. Бұл мәлімдемелер Ресейдің жаңа әлемдік тәртіптегі орны мен НАТО-ға деген көзқарасы талқыланған тұста айтылған. Кейінірек, 2008 жылы Джордж Бушпен сөйлескенде, Владимир Путин Украинаны КСРО кезінде құрылған «жасанды мемлекет» деп атаған. Ол Украинаның НАТО-ға кіруін тоқтату үшін Ресей ол жақта «мәселелер тудыруға» дайын екенін тікелей ескерткен. Құжатта сонымен қатар Ресей Федерациясының президенті альянстың әлеуетті кеңеюін басты қатер және ұзақ мерзімді қақтығыстың көзі деп санағаны көрсетілген.
Бұған дейін Мәскеуге жасаған сапары кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстандағы орыс тілінің маңыздылығын атап өткен болатын. РФ президенті әріптесіне орыс тілін ілгерілету жөніндегі халықаралық ұйым құру бастамасы үшін алғыс айтып, оның білім беру саласында қолданылу деңгейі жоғары екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, желтоқсан айында Қасым-Жомарт Тоқаев Путинді 2026 жылы Қазақстанға келуге шақырды. Келіссөздер экономикалық ынтымақтастықты тереңдету туралы уағдаластықтар мен энергетика және білім беру саласындағы жобаларды талқылау аясында өтті.