Logo
Іздеу
Айдарлар

Алмазбек Атамбаев барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылды

/
Алмазбек Атамбаев барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылды
Сурет: ашық дереккөзден

Қырғызстанның қазіргі Президенті Садыр Жапаров экс-президент Алмазбек Атамбаевты мемлекеттік наградаларынан айыру туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім бұған дейін шыққан сот үкімінің негізінде қабылданды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Қандай марапаттар қайтарылады?

Қырғыз Республикасы Президентінің ресми сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, Атамбаев келесідей жоғары дәрежелі наградаларынан айырылды:

«Қырғыз Республикасының Баатыры» ең жоғары ерекшелік белгісі;

II дәрежелі «Манас» ордені;

«Данакер» ордені;

«Даңқ» медалі.

Жарлыққа сәйкес, Бас прокуратура жанындағы Сот орындаушылары қызметіне бұл марапаттар мен оларға тиісті құжаттарды тәркілеп, мемлекеттік наградалар қорына өткізу тапсырылды.

Бұл қадам 2025 жылдың маусым айында Бішкектің Бірінші май аудандық соты шығарған сырттай үкімнің қисынды жалғасы болып табылады. Естеріңізге сала кетейік, сот Атамбаевты 2019 жылғы Қой-Таш оқиғасы бойынша кінәлі деп танып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған болатын. Сондай-ақ, үкімде экс-президенттің мүлкін тәркілеу және марапаттарынан айыру туралы тармақ көрсетілген.

Еркіндік пен Испаниядағы емделу

Алмазбек Атамбаевтың тағдыры соңғы жылдары өте күрделі болды. 2023 жылдың ақпанында ол түрмеден босатылып, денсаулығына байланысты шетелге емделуге шығуға рұқсат алған еді. Сол кезде ол Испанияға баратынын, бірақ кейін Отанына оралатынын мәлімдеген.

Алайда, 2024 жылдың қарашасында әлеуметтік желілерде Атамбаевқа ұқсайтын тұлғаның Испанияда жүрген видеосы тарады. Ал 2025 жылғы жаңа сот үкімі оның саяси және құқықтық жағдайын қайтадан қиындатып жіберді.

Қазіргі таңда Атамбаевтың бұған дейін алған бірнеше ақтау үкімдерінің күші жойылып, ол ресми түрде сотталған тұлға және мемлекеттік марапаттары жоқ азамат мәртебесіне ие болды.