Logo
Іздеу
Айдарлар

305 рет жауға шабуыл жасаған Талғат Бигелдиновті соғыстан аман алып қалған қандай дұға?

/
305 рет жауға шабуыл жасаған Талғат Бигелдиновті соғыстан аман алып қалған қандай дұға?
Liter.kz коллажы

Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, "Барыс" орденінің иегері Талғат Бигелдинов соғыс жылдарындағы естеліктерінде әрбір ұрысқа аттанар алдында дұға жасап, Жаратушыдан амандық тілейтінін айтып өткен, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл туралы КТК телеарнасының "Жүрекжарды" бағдарламасында баяндалған. От пен оқтың ортасында жүрсе де, сол кезеңдегі атеистік идеология үстем болған қоғамға қарамастан, батыр ата-бабадан қалған асыл дінді жүрегінде сақтай білді. Қиын сәттерде Аллаға сыйыну оған рухани күш пен сабыр бергенін жасырмай айтқан.

"Менің апамның үлкен әпкесі 101 жыл жасады. Ортаңғы әпкесі 98-ге келіп қайтыс болды. Өз шешем, апам 93-ке келіп дүние салды. 101-ге келген апамның әпкесі мені жақсы көретін еді. Осы кісі маған "ей, балам, мен саған бір дұға үйретіп берейін. Күн күркіреп, найзағай ойнағанда осы дұғаны оқып жіберсең, саған жасын тимейді. Туралап келсе де, сені айналып өтеді" деді. Жүзге келген адам сол дұғаны маған жаттатты. Бірінші рет самолетке отырар алдында, осы дұға ойыма сарт ете қалды. "Оһ! Маған жасын ойнағанда осы дұғаны оқы деп еді ғой! От пен оқ та бір жасын емес пе!" деп өзімше ойладым да, апам жаттатқан дұғаны оқыдым", – деді Талғат Бигелдинов.

Талғат Жақыпбекұлы небәрі 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанып, әскери авиация тарихында өшпес із қалдырды. Ол аэроклубта жоғары деңгейде даярлықтан өтіп, ұстаздарының сеніміне ие болады. 1940 жылы Саратов әскери-авиация училищесіне қабылданып, қатаң іріктеуден сүрінбей өтеді.

1942 жылы майданға әйгілі Ил-2 шабуылдаушы ұшағымен аттанған ол, "ұшқыш танк" атанған осы әуе кемесімен көк жүзінде 500 сағаттан астам ұшып, 305 рет жауға қарсы шабуыл жасайды. Берлинді алу операциясына алғашқылардың бірі болып қатысқан қаһарманның ұшағын қарсы тарап "Қара ажал" деп атаған.

Соғыс аяқталғаннан кейін де Талғат Бигелдинов ел дамуына белсене атсалысты. 1957-1970 жылдары азаматтық авиация саласын басқарды. Осы кезеңде Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сияқты бірқатар қалаларда әуежайлар салу ісіне жетекшілік етті.

1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын тәмамдап, мемлекеттік құрылыс саласында да жемісті еңбек етті. Әсіресе Алматы қаласындағы көптеген сәулетті ғимараттардың бой көтеруіне үлес қосып, бейбіт кезеңде де елге адал қызмет етудің үлгісін көрсетті.