Венесуэланың вице-президенті Делси Родригес елді уақытша басқару міндетін өз қолына алды. Бұл шешім АҚШ-тың Венесуэла аумағында жүргізген әскери операциясы кезінде ел президенті Николас Мадуроның ұсталуына байланысты қабылданды. Бұл туралы CNN агенттігі хабарлады.
Венесуэла Конституциясының 233 және 234-баптарына сәйкес, президент өз міндетін атқара алмаған жағдайда оның өкілеті автоматты түрде вице-президентке өтеді. Осы негізде Делси Родригес 3 қаңтардан бастап уақытша мемлекет басшысы ретіндегі міндетін атқаруға кірісті.
Қаржы министрі әрі мұнай өнеркәсібі министрі қызметтерін қатар атқарып отырған Родригес Мадуро мен оның жұбайы Силия Флорес ұсталғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң Ұлттық қорғаныс кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Жиынға министрлер мен жоғары лауазымды шенеуніктер қатысып, онда ерлі-зайыптыны дереу босату талап етілді және АҚШ-тың әскери операциясы қатаң айыпталды.
Делси Родригес АҚШ әрекетін халықаралық құқық пен Венесуэланың егемендігін өрескел бұзу деп атап, бұл қадамды Венесуэла халқы ғана емес, Латын Америкасы елдерінің үкіметтері де айыптауы тиіс екенін мәлімдеді.
Айта кетейік, Каракаста дүниеге келген Делси Родригес 56 жаста, мамандығы – заңгер.