Еуроодақ шиеленістің өршуіне жол бермеу және дағдарысты бейбіт жолмен шешуді қамтамасыз ету үшін тараптарды сабырлық пен ұстамдылық танытуға шақырды, деп хабарлайды Arasha.kz.
ЕО-ның ресми хабарламасында кез келген жағдайда халықаралық құқық принциптері мен БҰҰ Жарғысы сақталуы тиіс екені айтылған.
«Еуроодақ Николас Мадуроның демократиялық жолмен сайланған президент ретінде легитимділігі жоқ екенін бірнеше рет мәлімдеген. Сондай-ақ Венесуэланың егемендігін құрметтей отырып, ел тізгіні венесуэлалықтардың өз қолында болуымен демократияға бейбіт түрде өтуін қолдайды. Венесуэла халқының өз болашағын өзі анықтау құқығы құрметтелуі тиіс», — делінген хабарламада.
Еуроодақ трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және есірткі тасымалымен күресу басымдығын қолдайды, бірақ бұл мәселе «халықаралық құқықты, аумақтық тұтастық пен егемендік принциптерін толық сақтай отырып» шешілуі керек екенін атап өтті.
Мәлімдемені ЕО-ға мүше 26 мемлекет қолдады (Венгриядан бөлек).
Сонымен қатар, АҚШ-тың Венесуэладағы операциясынан қаза тапқандар саны 80 адамға жетті деп жазады The New York Times газеті венесуэлалық жоғары лауазымды шенеунікке сілтеме жасап. Бұған дейін кем дегенде 40 адамның қаза тапқаны хабарланған болатын.
The Washington Post басылымына берген сұхбатында АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл операцияның әскери сипатта болмағанын айтты: «Бұл басқаша болды. Бұл құқық қорғау органдарының операциясы еді».
NBC News телеарнасының эфирінде «АҚШ Венесуэламен соғысып жатыр ма?» деген сұраққа Рубио бұл соғыс емес деп жауап берді. «Біз есірткі тасымалымен айналысатын ұйымдарға қарсы соғысып жатырмыз. Бұл Венесуэлаға қарсы соғыс емес», — деп нақтылады АҚШ мемлекеттік хатшысы және «АҚШ-қа есірткі жеткізетін» қайықтарды қолға түсіру жалғаса беретінін қосты.
2-нен 3 желтоқсанға қараған түні АҚШ Венесуэлаға соққы беріп, оның көшбасшысы Николас Мадуро мен әйелі Силия Флоресті тұтқындап, АҚШ-қа әкетті. Мадуро 5 қаңтарда Нью-Йоркте сот алдында жауап береді. Дәл осы күні БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің АҚШ-тың Венесуэладағы әрекеттеріне байланысты шұғыл отырысы өтеді.