АҚШ пен Венесуэла венесуэлалық мұнайды америкалық мұнай өңдеу зауыттарына экспорттау мүмкіндігін талқылауда. Бұл туралы Reuters агенттігі бес бірдей дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Ықтимал келісім жеткізілімдерді Қытайдан басқа бағытқа бұруға және сонымен бірге Венесуэланың мемлекеттік PDVSA компаниясына өндірістің күрт төмендеуін болдырмауға көмектесуі мүмкін.
Агенттіктің атап өтуінше, бұл келіссөздер — Венесуэла үкіметінің АҚШ президенті Дональд Трамптың саланың есігін америкалық мұнай компанияларына ашу туралы талабына алғашқы жауап беру белгісі. Трамп уақытша президент Делси Родригестің АҚШ пен жеке компанияларға Венесуэланың мұнай өнеркәсібіне «толық рұқсат» беруін қалайтынын мәлімдеген болатын.
Reuters еске салғандай, Венесуэланың танкерлерге тиелген және резервуарларда сақталған миллиондаған баррель мұнайы бар. Алайда, Трамп желтоқсан айының ортасында енгізген блокадаға байланысты бұл өнімді жөнелте алмай отыр.
Агенттіктің екі дереккөзінің хабарлауынша, тұрып қалған мұнай көлемін АҚШ-қа сату бойынша ықтимал келісімнің бірінші кезеңінде бастапқыда Қытайға арналған партияларды қайта бөлу талап етілуі мүмкін.
«Трамп мұның мүмкіндігінше тезірек болғанын қалайды, сонда ол бұл оқиғаны өзінің ірі жеңісі ретінде көрсете алады», — деді мұнай саласындағы дереккөздердің бірі.
Ақ үй, Венесуэла үкіметінің өкілдері және PDVSA бұл мәселеге қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.