Ресейдің Көлік министрлігі АҚШ басып алған, бұған дейін Bella 1 атымен белгілі болған Marinera (IMO: 9230880) танкері Ресей заңнамасы мен халықаралық теңіз құқығы нормаларына сәйкес берілген уақытша рұқсат негізінде Ресей туы астында болғанын мәлімдеді. Ведомство АҚШ-тың бұл әрекеттерін заңсыз деп бағалайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Көлік министрлігі кеменің бейтарап суларда болғанын және қазіргі уақытта Ресей тарапы онымен байланысын үзгенін атап өтті:
«Кеше Мәскеу уақытымен сағат 15:00 шамасында ашық теңізде, кез келген мемлекеттің аумақтық суларынан тыс жерде кеме бортына АҚШ Әскери-теңіз күштері шықты, кемемен байланыс үзілді. БҰҰ-ның 1982 жылғы Теңіз құқығы туралы конвенциясының нормаларына сәйкес, ашық теңіз суларында кеме қатынасының еркіндігі режимі қолданылады және ешбір мемлекеттің басқа мемлекеттердің юрисдикциясында тиісті түрде тіркелген кемелерге қатысты күш қолдануға құқығы жоқ».
Көлік министрлігінің мәлімдемесінен кейін Ресей СІМ де жағдайға қатысты түсініктеме берді. «РИА Новости» хабарлағандай, Ресейдің сыртқы саяси ведомствосы Солтүстік Атлантикада Ресей туымен бара жатқан Marinera кемесіне америкалық әскерилердің шыққаны туралы хабарламаларды қадағалап отырғанын айтты:
«Экипаж мүшелерінің арасында Ресей азаматтарының бар екендігі туралы түскен ақпаратты ескере отырып, америкалық тараптан оларға адамгершілікпен және лайықты қарауды қамтамасыз етуді, олардың құқықтары мен мүдделерін мүлтіксіз сақтауды, сондай-ақ олардың Отанына тезірек оралуына кедергі жасамауды талап етеміз».
Бұған дейін АҚШ Солтүстік Атлантикада Bella 1 / Marinera танкерін басып алғанын ресми түрде растаған болатын. Америкалық тараптың мәліметінше, кеме санкциялық режимді бұзғаны үшін АҚШ федералды сотының ордерімен ұсталған және Венесуэла мұнайын заңсыз жеткізумен байланысты. Операцияны әскерилердің қолдауымен АҚШ Жағалау күзеті жүргізді.
Америкалық БАҚ-тың хабарлауынша, операция аймағында Ресейдің әскери кемелері, соның ішінде су асты қайығы да болған. Ресей тарапы бұған дейін кеменің Ресей туының қорғауында екенін және АҚШ тарапынан қудалау құқыққа қайшы екенін алға тартқан болатын.