Атырау облысы Қызылқоға ауданына қарасты Жангелдин ауылында орын алған ауыр қылмысқа қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ерлі-зайыптының қаза табуы мен отбасының тағы екі мүшесінің із-түзсіз жоғалуы қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырды. Мәйіттер табылғаннан кейін тергеу назары марқұмдардың күйеу баласына ауысты. Алайда іс бойынша ресми органдар әзірге толық түсініктеме берген жоқ, деп хабарлайды Arasha.kz.
Резонансты оқиғаға байланысты соңғы ақпараттарды "Ақ Жайық" басылымы жариялады. Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыларды өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан болуы мүмкін. Марқұмдардың денелері аула аумағындағы шаруашылық құрылыстан табылған.
Дереккөздердің хабарлауынша, аталған ғимараттың ішінде шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, мәйіттер сол жерге көмілген. Кейін үсті топырақпен жабылып, линолеум төселген, оның үстіне диван қойылып, бөлме кілтпен бекітілген.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер күдіктінің қазіргі таңда Индонезия аумағында болуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Тергеу барысында оқиғаның жалпы көрінісі біртіндеп айқындалып келе жатқандықтан, оның елден біржола кетуге әрекет жасауы ықтимал деген болжам бар.
Жуырда әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің мәйіті Геолог шағын ауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәлімет расталған жоқ. Полиция аталған аумақта тінту жүргізіп, іске қатысы бар бірқатар заттарды тәркіледі.
Сондай-ақ Наурыздың ұялы телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені ресми түрде расталды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, одан кейінгі бағыт Малайзия арқылы Индонезияға жалғасуы мүмкін.
Қазіргі уақытта жедел-іздестіру және тергеу шаралары тоқтаған жоқ.