Контентке өту
Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Жаңалықтар

Жамбыл облысында жасөспірімдердің әдепсіз видеосына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды

Жамбыл облысында жасөспірімдердің әдепсіз видеосына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды
Фото: Жамбыл облысы ПД

Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген әдепсіз бейнежазбаның әлеуметтік желілерде таралуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Полиция оқиғаға қатысы бар жасөспірімдерді анықтап, олардың ата-аналарын жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілер мен Telegram арналары арқылы Тараз қаласындағы жасөспірімдерге қатысты бейнежазба тараған болатын.

Оқиға түнгі уақытта, білім беру мекемесінен тыс жерде болған. Жарияланған ақпарат қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғау органдарының назарын аударды.

Жамбыл облыстық полиция департаменті оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бірінші іс бейнежазбада көрсетілген жағдайдың мән-жайын анықтауға бағытталған. Ал екінші қылмыстық іс кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген материалды интернетте заңсыз тарату фактісіне қатысты қозғалған.

Полиция жасөспірімдердің жеке басын анықтап, оларды ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізген. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынған. Ата-аналары бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Дәурен Бағжанов оқиғаның бақылауға алынғанын хабарлады.

"Жамбыл облысында кәмелетке толмағандардың заңға қайшы әрекеттері түсірілген видеоның таралуына қатысты барлық қатысушы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Жамбыл облысының бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі мен тиісті басқарма бұл істі бақылауға алды", – деп жазды ол.

Бұдан бөлек, облыстық білім басқармасы мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту туралы ұсыныстар жолданған.

Аталған оқиғадан бөлек, Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіліп жатыр. 25 қарашада жарияланған мәліметтерге сәйкес, "Жасөспірім" жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы тәулігінде полиция бөлімшелеріне 114 жасөспірім жеткізілген. Осы уақыт ішінде 119 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Оның 78-і кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына қатысты.

Бұған дейін, 9-10 қарашада өткен рейдтер кезінде де түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз жүрген 146 жасөспірім анықталған.

Қараша айының басында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне арналған жиында жауапты мекемелердің жұмысын сынға алған болатын.

"Ашық сабақтар өтті. Тренингтер өтті. Сауалнамалар алынды. Рейдтер жүрді. Ал нәтижелер қайда?! Қағаз жүзінде бәрі тамаша, ал шын мәнінде қайғылы жағдайлар орын алып жатыр. Ашығын айту керек, қағаздағы профилактика баланы құтқармайды", – деген еді облыс әкімі.

Құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың қатысуымен түсірілген заңға қайшы материалдарды әлеуметтік желілерде тарату қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін ескертті. Мамандар мұндай материалдарды қайта жарияламауға, басқа адамдарға жібермеуге және кәмелетке толмағандардың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін мәліметтерді таратпауға шақырады.

Бөлісу