Марқұм Айзат Жұманованың туған әпкесі Раушан Дәуренбекова сот үкіміне қатысты пікір білдіріп, іс барысында болған маңызды жайттарды айтты, деп Arasha.kz тілшісі Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Оның сөзінше, бастапқыда қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы бойынша қозғалған. Алайда марқұмның туыстары бұл баппен келіспей, істі қайта қарауды талап еткен. Соның нәтижесінде мәйіт эксгумацияланып, қосымша сараптама жүргізілген.
"Кейін жүгіріп жүріп 99-1-ге алып келдік. Эксгумация нәтижесімен келдік. Мәйітті 59 күн дегенде қазып алдық. Эксгумацияны өз көзіммен көрдім. Ішінде, сыртында қаншама жарақат болды. Сондықтан бапты өзгерттік", – дейді Раушан Дәуренбекова.
Сондай-ақ ол әлеуметтік желіде тараған «Айзат жүкті болған» деген ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, марқұмның құрбысына айтқан «жақсы хабарым бар» деген сөзі жүктілікке қатысы болмаған.
"Айзаттың құрбысы "Айзат маған келемін, жақсы хабарым бар" деп 17-сі айтқан. Айзат 21-і қайтыс болды. Біз жүкті болған шығар деп ойладық. Бірақ жүкті болмай шықты", – дейді ол.
Жәбірленуші тараптың өкілдері алдағы уақытта сот үкіміне қатысты апелляциялық шағым түсіруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бүгін сот шешімімен Айзат Жұманованың өліміне кінәлі деп танылған күйеуі Айбар Жанболат 14 жылға бас бостандығынан айырылды.