Logo
Іздеу
Айдарлар

Ресей Украинаны «Орешникпен» атқылады

/
Ресей Украинаны «Орешникпен» атқылады
Сурет: Global Look Press/U.S. Marines

Ресей Қорғаныс министрлігі Украинаның қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жұмысын қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылым нысандары мен дрон шығаратын зауыттарға соққы бергенін мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмаға қараған түні, 9 қаңтарда Ресей әскері Украинадағы маңызды нысандарға жердегі және теңіздегі жоғары дәлдікті ұзақ қашықтыққа ұшатын қарумен жаппай соққы жасаған. Ведомство бұл әрекетті Украина Қарулы Күштерінің Ресей президенті Владимир Путиннің Новгород облысындағы резиденциясына жасаған шабуылына қайтарылған жауап деп атады.

Соққы барысында, әскерилердің айтуынша, «Орешник» орта қашықтықтағы зымыран кешендері де қолданылған. Украинаның әскери-өнеркәсіп кешенін қамтамасыз ететін энергетикалық инфрақұрылым мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаратын нысандар нысанаға алынған.

Қорғаныс министрлігі Киевтің мұндай «террорлық әрекеттері» алдағы уақытта да «жауапсыз қалмайтынын» ескертті. Ведомство соққы мақсаттарына қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Украинаның 29 желтоқсанға қараған түні Путиннің резиденциясына дрондармен шабуыл жасауға әрекеттенгенін Сыртқы істер министрі Сергей Лавров айтқан болатын. Оның сөзінше, шабуылға 91 дрон қатысып, олардың барлығы атып түсірілген.

The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Орталық барлау басқармасы (ОББ/ЦРУ) Путиннің резиденциясына жасалған шабуылға қатысты ешқандай дәлел таппаған.

Украина президенті Владимир Зеленский бұл айыптауларды жоққа шығарды.

АҚШ президенті Дональд Трамп резиденцияға шабуыл жасалғанына сенбейтінін мәлімдеді. «Мен бұл соққының болғанына сенбеймін. Жақын маңда бірдеңе болды, бірақ оның бұған еш қатысы жоқ», — деді Трамп Air Force One бортында. Бұған дейін Трамп Новгород облысындағы шабуыл туралы оған Путиннің өзі айтқанын, алайда қазір «бұған қолайлы уақыт емес» екенін жеткізген. Екі ел басшысы 2025 жылғы 29 желтоқсанда телефон арқылы сөйлескен болатын.