Logo
Іздеу
Айдарлар

NASA ғарышкері бүкіл отбасын Айда «қалдырып кеткен»

/
NASA ғарышкері бүкіл отбасын Айда «қалдырып кеткен»
Сурет: Рixabay

1972 жылы «Аполлон-16» миссиясы кезінде астронавт Чарльз Дюк Ай бетінде отбасылық фотосуретін қалдырған. Ондағы жазу әлі күнге дейін Айда жатыр, деп хабарлайды Arasha.kz.

1972 жылғы 23 сәуірде «Аполлон-16» миссиясының Ай модулі астронавтар Джон Янг пен Чарльз Дюкті алып, Ай бетінен көтеріліп, Жерге қайту үшін командалық модульмен түйісуге бет алды.

Ұшып кетер алдында Дюк Айда бірнеше жеке затын қалдырды. Олардың ішінде отбасылық фотосурет те бар. Онда мынадай жазу жазылған:

«Бұл — 1972 жылғы 20 сәуірде Айға қонған Жер планетасынан келген астронавт Чарли Дюктің отбасы».

IFLScience дерегінше, миссия әлдеқайда драмалық аяқталуы мүмкін еді. Ұшу барысында Кен Маттингли басқарған командалық модульдің бір қозғалтқышында ақау шыққан. Осыған байланысты NASA «Аполлон-13» оқиғасының қайталануынан қауіптеніп, Айға қонуды уақытша кейінге қалдырды.

Маттингли Айдың арғы бетінде орбитаны қалпына келтіргеннен кейін ғана Янг пен Дюкке Айға қонуға рұқсат берілді.

Кідіріс салдарынан экипаж жоспарланған Ай серуендерінің бірін және төмен гравитация жағдайында өтетін символикалық спорттық жарыс — «Ай олимпиадасын» өткізе алмады.

Дегенмен астронавтар бейресми түрде бірнеше әрекет жасап көрді. Солардың бірі қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады: Джон Янг бір метрден астам биіктіктен арқасымен құлап, скафандрды зақымдау қаупіне тап болды.

Барлық қиындықтарға қарамастан, «Аполлон-16» миссиясы сәтті өтті деп есептеледі. Ғылыми үлгілерден бөлек, Чарльз Дюк Айда отбасылық фотосуретті, АҚШ Әуе күштерінің естелік медалін және ұшқыштар мектебіндегі оқуынан қалған мата бөлігін қалдырды.

Астронавтың өзі бұл әрекетті қарапайым түсіндірген: балаларға «бүкіл отбасы Айда болды» деп көрсеткісі келген.

Бұған дейін Қытайдың ғарыштан оралған тышқаны балалағаны белгілі болған еді.