Logo
Іздеу
Айдарлар

Трамп Иранмен сауда жасайтын барлық елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді

/
Трамп Иранмен сауда жасайтын барлық елдерге 25 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдеді
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен ынтымақтастық орнатқан елдердің барлығына 25 пайыздық кедендік баж салығы енгізілетінін хабарлады. Ол бұл туралы Truth әлеуметтік желісінде жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Бүгіннен бастап Ислам Республикасымен — Иранмен — бизнес жүргізетін кез келген ел Америка Құрама Штаттарымен жүзеге асырылатын барлық іскерлік операциялар бойынша 25 пайыз көлемінде баж салығын төлейтін болады. Бұл шешім түпкілікті және міндетті түрде орындалуға тиіс», — деп жазды Трамп.

АҚШ президенті бұл баж салығы бұрыннан бар тарифтерге қосымша ма, әлде бөлек енгізіле ме — нақтылап айтпады.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Иранның сауда серіктестері қатарында Үндістан, Қытай және Түркия сияқты ірі экономикалар бар. Қытай — Иран мұнайының ең ірі сатып алушысы. Агенттік атап өткендей, Қытай тауарларына қосымша баж салығын енгізу Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин арасында жасалған сауда бітіміне нұқсан келтіруі мүмкін.

Бұған дейін Дональд Трамп желтоқсан айының соңынан бері ел аумағында жалғасып жатқан наразылықтарды күшпен басу кезінде зорлық-зомбылық орын алған жағдайда Иранға соққы беруі мүмкін екенін ескерткен еді.