Жыл қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция деңгейі 12,3%-ды құрады. Бұл туралы Ұлттық талдау орталығының деректерінде келтірілген, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ұсынылған деректе әлеуметтік-экономикалық даму үрдістері мен инфляцияға әсер еткен негізгі факторлар жан-жақты талданған.
«Жыл қорытындысы бойынша елдегі жылдық инфляция деңгейі 12,3%-ды құрады. Бағаның өсуіне ең алдымен азық-түлік өнімдері айтарлықтай ықпал еткен. Бұл санат инфляцияға 5,2 пайыздық тармақ қосқан. Сонымен қатар денсаулық сақтау қызметтерінің қымбаттауы 1,5 пайыздық тармаққа, тұрғын үй-коммуналдық қызметтер бағасының өсуі 1,2 пайыздық тармаққа әсер еткен. Осы жағдайда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18,0% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады, дәліз ±1 пайыздық тармақ шегінде қалды», - делінген Ұлттық талдау орталығының мәлімдемесінде.

Инвестициялық белсенділік те өткен жылы оң динамика көрсеткен. Қаңтар–қараша айлары аралығында негізгі капиталға салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 13,3%-ға артты. Қаржыландырудың негізгі бөлігі кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен жүзеге асқан. Бұл көрсеткіш 62,7%-ды құрайды. Бюджет қаражатының үлесі 22,6% болса, банк несиелері 4,3%, өзге қарыз көздері 10,4% деңгейінде қалыптасты.
Ұлттық талдау орталығы бағаның өсуін айқындайтын факторлардың басым бөлігі сыртқы ықпалға байланысты екенін атап өтеді. Атап айтқанда, импортталатын азық-түлікке қысым, әлемдік нарықтағы баға өзгерістері және рубль бағамының құбылуы арқылы әсер ететін валюталық факторлар инфляция деңгейіне әсер еткен. Сонымен қатар ішкі нарықтағы бірқатар жүйелі мәселелер де назардан тыс қалмаған. Жеткізу тізбектеріндегі өнімсіз делдалдардың көптігі мен «көлеңкелі» айналымдардың болуы транзакциялық шығындарды арттырып, түпкілікті бағаның қымбаттауына әкеліп отыр.
Мәліметте «экономикалық патриотизм» ұғымына да ерекше мән берілген. Бұл – тұтынушылардың отандық тауарларды саналы түрде таңдауы. ҰТО бұл бағытты сүт өнімдері саласының мысалында талдаған. Зерттеу нәтижелері қазақстандық өнімге деген сенімнің жоғары екенін көрсеткенімен, тұтынушылардың 27 пайызы отандық сүт өнімдерін импорттық тауарлардан ажыратуда қиындық көретінін көрсеткен. Осыған байланысты сарапшылар «Қазақстанда жасалған» таңбасын айқынырақ қолдану, дәм тату алаңдарын көбейту, промо-акцияларды дамыту және отандық пен импорттық өнімдерге сапаны бақылауды тең деңгейде жүргізу қажеттігін алға тартады.
Ұлттық талдау орталығының пайымынша, экономикалық патриотизмді дамыту тек мемлекеттің ғана емес, бизнес өкілдерінің, салалық қауымдастықтардың, сауда желілерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және тұтастай қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл бағыттағы үйлесімді жұмыс отандық өндірісті қолдап қана қоймай, ел экономикасының орнықты дамуына да серпін береді.