Жаңа Конституцияның жобасы республикалық референдумға шығарылды
Logo
Іздеу
Айдарлар

Теңге күтпеген жерден күшейді: алда не болмақ?

/
Теңге күтпеген жерден күшейді: алда не болмақ?
Freepick

Теңге күтпеген жерден күш алып, нарықтағы ахуалды өзгертіп жіберді: біраз уақыт 500-ден төмендемеген доллар бүгін 460 маңына түсті. Бір қарағанда бұл – жақсы жаңалық, бірақ сарапшылардың өзі сақ сөйлеп отыр. Өйткені мұндай шапшаң нығаю көбіне тұрақты үрдіс емес, уақытша толқын ғана.

Дегенмен теңге әлемдік валюталар арасында ең қарқынды нығайған валюталардың біріне айналып отыр. Экономист, Ұлттық банк төрағасының бұрынғы кеңесшісі Олжас Құдайбергеновтың айтуынша, ұлттық валюта 28 ақпаннан бері доллармен салыстырғанда шамамен 7 пайызға нығайған. Ал 2025 жылдың қараша айынан бастап өсім 13 пайызға жеткен.

Қазақстан қор биржасының 7 сәуірдегі сауда қорытындысы бойынша доллар бағамы 460 теңге деңгейінде бекіді. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың қыркүйегінде курс 549 теңге болған еді.

О. Құдайбергеновтің сөзінше, теңге дамушы елдер валюталары арасында ең жақсы динамика көрсетіп отыр. Бұған Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуі әсер еткен. Геосаяси факторлар мұнай бағасын көтеріп, соның нәтижесінде экспорттық түсім артып, теңгенің нығаюына ықпал етті.

Алайда сарапшылар теңгенің мұндай жылдам күшеюін біржақты оң құбылыс деп бағалауға болмайтынын ескертеді. Мәселен, экономист Бауыржан Ысқақов қазіргі теңгенің нығаюы кездейсоқ емес екенін алға тартып, оған әсер етіп отырған факторларды атап өтті:

– Әрине, ең басты себеп – мұнай бағасының өсуі. Қазақстан экспортының жартысынан астамы мұнайдан түсетін табыс болғандықтан, мұнай қымбаттағанда елге доллар көп келеді. Нарықта валюта көлемі артып, соның нәтижесінде доллар арзандап, теңге күшейеді. Валюта ұсынысының көбеюі де маңызды рөл атқарады: мұнай мен металл экспорттаушылар түскен долларды теңгеге айырбастайды, бұл теңгеге деген сұранысты арттырады, – дейді экономист.

Маман үшінші себеп – жоғары пайыздық мөлшерлеме екенін айтып отыр. Өйткені Қазақстанда базалық ставка 18 пайыз деңгейінде, сондықтан инвесторларға теңгеде қаражат ұстау тиімді.

– Бұл да ұлттық валютаның нығаюына ықпал етеді. Сонымен қатар салық кезеңінің әсері бар: компаниялар салық төлеу үшін долларын теңгеге ауыстырады, нәтижесінде қысқа мерзімде теңге күшейеді. Жыл басында бизнестің белсенділігі төмен болуы да осы үрдісті күшейтеді. Дегенмен, бұл – циклдық құбылыс, – деп есептейді Бауыржан мырза.

Экономист теңгенің әлі де шикізатқа тікелей тәуелді екенін, яғни сыртқы факторларға қатты байланғанын айтуда.

– Алдағы уақытта доллардың қайта қымбаттауы әбден мүмкін: мұнай бағасы төмендесе, теңге әлсірейді, импорт өседі, халық пен бизнес қайтадан доллар сатып ала бастайды. Менің ойымша, доллар бағамы 500–540 теңге аралығына қайта көтерілуі ықтимал, – деп пікірін түйіндейді маман.

Алайда теңгенің қазіргі нығаюы ұзақ сақтала ма деген сұраққа сарапшылар біржақты жауап бермейді. Мәселен, Экономист Руслан Сұлтанов доллар бағамының күрт өсіп, бұрынғы жоғары деңгейлерге қайта оралуы екіталай деген пікірде.

Оның сөзінше, бүгінде доллардың басты «бәсекелесі» – теңгедегі жоғары пайыздық депозиттер. Орташа табыстылығы шамамен 20 пайыз болатын салымдар халық үшін әлдеқайда тиімді. Сондықтан доллар тартымды болуы үшін оның бағамы 560 теңгеден асып түсуі керек. Ал мұндай сценарий үшін жай ғана әлсіреу емес, теңгенің айтарлықтай девальвациясы қажет.

Сондықтан «доллар қашан өседі» деген үмітпен әрекет ету қате болуы мүмкін. Оның орнына сарапшы Ұлттық статистика бюросының есептеріне сүйенген нақты сценарийлерге назар аударуды ұсынады.

Оған сәйкес, 2026 жылдың соңына арналған үш негізгі сценарий бар. Базалық нұсқада көктемгі нығаюдан кейін теңге біртіндеп әлсіреп, жыл соңында доллар бағамы шамамен 508 теңге деңгейінде қалыптасады. Оптимистік сценарийде теңге салыстырмалы түрде мықты болып, курс 490 теңге шамасында болуы мүмкін. Ал пессимистік жағдайда да доллар 526 теңгеден аспайды. Дегенмен сарапшылар долбары теңгенің қазіргі күшеюінен кейін белгілі бір түзету болуы ықтимал деген пікір төңірегіне тоғысып отыр.