Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Экономика

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсім қарқыны баяулайды деген болжам жасады

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасының өсім қарқыны баяулайды деген болжам жасады
Сурет: Дүниежүзілік банк

Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы туралы жаңа баяндамасын ұсынып, өсу қарқынының күтілетін баяулауына және елдегі өнімділікті арттыру үшін дағдыларды дамытудың маңыздылығына назар аударды, деп хабарлайды Arasha.kz.

«Қазақстан экономикасы жоғары тұрақтылық көрсетті, бірақ ұзақ мерзімді гүлденуге барар жол өнімділікті арттыру арқылы, ал өнімділік — адами капиталды дамыту арқылы өтеді. Халықтың іргелі дағдыларын басымдылықпен дамыту елге неғұрлым жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын құруға және тез өзгеріп жатқан жаһандық экономикада табысты бәсекелесуге көмектеседі», - деп түсініктеме берді Дүниежүзілік банктің Қазақстан мен Түрікменстандағы тұрақты өкілі Андрей Михнев.

Жаңа жылдық баяндамада ел экономикасы орта мерзімді кезеңде тұрақтылықты сақтайды деп күтілетіні айтылған, бірақ ішкі сұранысқа негізделген белсенді кеңею кезеңінен кейін өсу қарқыны баяулайды.

«2025 жылғы 6,5%-дық нық өсімнен кейін (бұған жоғары ішкі тұтыну және Теңіз кен орнында мұнай өндірудің біржолғы артуы септігін тигізді), болжам бойынша қарқын 2026 жылы 4,6%-ға дейін төмендейді, содан кейін 2028 жылға қарай 3,5% деңгейінде неғұрлым тұрақты қалыпқа түседі. Бұл баяулау мұнай өндіру көлемінің қалыпқа келуін және кеңірек контексте терең құрылымдық өзгерістерсіз сұранысқа негізделген өсу моделінің шектеулілігін көрсетеді», - делінген Дүниежүзілік банктің баспасөз хабарламасында.

Атап өтілгендей, ел өзінің ресурсқа негізделген экономикасын әртараптандыруға ұмтылған сайын, неғұрлым жоғары ақы төленетін жұмыс орындарын құру қабілеті жұмыс күшінің сапасымен көбірек айқындала түседі.

«Жұмыссыздық төмен деңгейде  4,6% болып қалғанымен, іргелі дағдылардың, соның ішінде функционалдық оқу және математикалық сауаттылық пен мәселелерді шешу дағдыларының тұрақты тапшылығы кәсіпорындардың өнімділігін тежеп, инновацияларды баяулатып, экономиканың құрылымдық өзгерістерге төзімділігін төмендетіп отыр», - деп хабарланады баспасөз хабарламасында.

Баяндамада инфляцияның жоғары деңгейде қалып отырғаны айтылған. Квазифискалдық операциялардың кеңеюі мен импорттық бағалардың өсуі әсерінен 2025 жылғы желтоқсанда жылдық көрсеткіште 12,3%-ға дейін жеделдеген инфляция, болжам бойынша, кем дегенде 2027 жылға дейін Ұлттық банктің 5%-дық нысаналы көрсеткішінен жоғары болады.

«Жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру және отын мен коммуналдық қызметтер тарифтерін уақытша қатыруды жоспарлы түрде тоқтату салдарынан өсу тәуекелдері сақталуда, ал ақша-кредит саясатының тиімділігі бұрынғысынша инфляциялық күтулермен және тұтынушылық несие берудің жылдам өсуімен шектеліп отыр», - деп көрсетті Дүниежүзілік банк.

Мұнай бағасының жоғары болуы 2026 жылы кірістерді ұлғайтуға, бюджет тапшылығын азайтуға және елдің сыртқы позициясын нығайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

«Сонымен бірге, болашақ белгілі бір тәуекелдермен байланысты. Геосаяси шиеленіс пен әлемдік энергетикалық нарықтардың құбылмалылығы негізгі сауда серіктестері тарапынан сұранысты әлсіретіп, экспорттық кірістерге нұқсан келтіруі мүмкін», - деп хабарланады ресми мәлімдемеде.

Сондай-ақ, авторлар квазифискалдық операциялардың одан әрі кеңеюі үй шаруашылықтарының өсіп келе жатқан қарызы аясында өмір сүру құнына қысымды күшейту қаупін тудыратынын ескертеді.

Позитивті факторлар да атап өтілді — құрылымдық реформалар батыл жүргізілген жағдайда әлеуетті өсуді арттыру, шетелдік инвестицияларды тарту және жеке сектор арқылы әртараптандыруды қолдау мүмкіндігі бар.