2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарына мемлекеттік кепілдік беру тәртібі өзгереді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа механизмнің салымшыларға қалай әсер ететінін түсіндірді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Ведомство мәліметінше, жаңа жылдан бастап мемлекет БЖЗҚ-дағы зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерде сақталуына кепілдік береді. Бұл талап Әлеуметтік кодекстің 217-бабында қарастырылған.
Қазір азаматтың зейнетақы төлемдерін алу құқығы туындаған кезде оның инфляция деңгейі ескерілген нақты аударымдары мен БЖЗҚ-дағы жинақтарының көлемі салыстырылады. Егер айырмашылық болса, ол республикалық бюджет есебінен өтеледі.
Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан кейін мемлекеттік кепілдік жинаққа нақты аударылған жарналардың сақталуына қатысты болады.
Министрлік бұл өзгеріс мемлекет зейнетақы жарналарының сақталуына беретін кепілдіктен толығымен бас тартады дегенді білдірмейтінін атап өтті.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұрын салымшылар өз жинақтарының инвестициялық стратегиясына тікелей ықпал ете алмайтын. Инвестициялық саясатты мемлекет айқындағандықтан, нақты кірістілік пен инфляция арасындағы айырманы өтеу міндетін де мемлекет өз мойнына алған.
Malim.kz басылымының жазуынша, қазір салымшыларға басқарушы компанияны және инвестициялық стратегияны таңдау мүмкіндігі кеңейтіліп отыр. Осыған байланысты мемлекеттік кепілдіктің бұрынғы механизмі де қайта қаралған.
Сонымен бірге зейнетақы активтерін басқару мемлекеттік бақылауда қалады. Инвестициялық саясаттың негізгі бағыттарын Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңес қарайды, Ұлттық банк зейнетақы активтерін инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қалыптастырады, ал Үкімет инвестициялық саясаттың тиісті тәсілдері мен параметрлерін бекітеді.