АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы экономикалық қысымды жаңа деңгейге көтеретінін мәлімдеді. Ол Тегеранмен қаржылық әрі сауда байланысын жалғастыратын елдер мен компаниялар да экономикалық қыспаққа тап болуы мүмкін екенін ескертіп қойды. Бұл Қазақстан үшін де маңызды дүние, өйткені екі ел арасындағы тауар айналымы 430,2 млн долларға жетіп, тараптар оны 3 млрд долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Arasha.kz.
Трамп Иранды толық экономикалық оқшаулауға ұмтылып отыр
19 тамызда Дональд Трамп Иранға қарсы жаңа санкциялық қысым басталатынын айтып, оны бұрын-соңды болмаған ауқымдағы "экономикалық соғыс" деп атады. АҚШ әкімшілігі Иранға көмектесетін қаржы ұйымдары, компаниялар мен мемлекеттік құрылымдар да Вашингтонның экономикалық шараларына ілігуі мүмкін екенін ескертті. Трамп АҚШ бұғаттауды көздейтін негізгі бағыттарды да атады. Олардың қатарында мұнай контрабандасы, валюталық своптар, ақша аударымдары, айырбастау пункттері, кемелерді тіркеу жүйесі және делдал компаниялар бар.
Алайда әзірге жаңа санкциялардың толық тізімі, нақты қандай мемлекеттерге немесе компанияларға шектеу қойылатыны жарияланған жоқ.
АҚШ Иранға қысымды бұған дейін де күшейткен
АҚШ Қаржы министрлігінің OFAC басқармасының мәліметінше, Трамптың екінші президенттік мерзімі басталғалы Иранмен байланысы бар мыңнан астам жеке және заңды тұлғаға, кеме мен ұшаққа санкция енгізілген. Шектеулер Иранның көлеңкелі мұнай флотын, сақтандыру компанияларын, қару-жарақ сатып алуға қатысы бар құрылымдарды және цифрлық биржаларды қамтыған.
2025 жылы Қытай теңіз арқылы экспортталған Иран мұнайының 80 пайыздан астамын сатып алған. Осыған байланысты Вашингтон Қытай мен Гонконгтағы кейбір компанияларға да шектеу енгізген.
Қазақстан мен Иранның саудасы 430 млн доллардан асты
Қазақстан үшін бұл жағдайдың маңызы зор. Себебі Астана мен Тегеран соңғы жылдары сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейтіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға өсіп, 430,2 млн долларға жетті.
Қазақстан мен Иран алдағы уақытта бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін жеткізуді көздейді. Тараптар бұл мақсатты жүзеге асыру үшін арнайы жол картасын әзірлеген. Қазақстан Иранға дәстүрлі түрде бидай, арпа, күнбағыс майы, зығыр тұқымы, алюминий және қара металл экспорттайды. Ал Ираннан Қазақстанға мұнай өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек және құрылыс материалдары жеткізіледі.
Ауыл шаруашылығы да маңызды бағытқа айналған
Екі ел арасындағы ынтымақтастықта ауыл шаруашылығының үлесі де жоғары. 2024 жылдың 11 айында Қазақстан мен Иран арасындағы агроөнеркәсіптік өнімдердің саудасы 25 пайызға артып, 186 млн долларға жеткен.
Қазақстан Иранға құны 132 млн доллардан асатын 60 тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуды жоспарлаған. Олардың қатарында бидай, арпа және майлы дақылдар бар.
Қазақстан Иран арқылы ірі логистикалық бағыт дамытып жатыр
Астана мен Тегеранның қарым-қатынасы тек саудамен шектелмейді. Екі мемлекет "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық көлік дәлізін де белсенді дамытып жатыр. 2025 жылы бұл дәліз арқылы тасымал көлемі 12 пайызға артып, 3,5 млн тоннаға жеткен. Қазақстан мен Иран арасындағы теміржол тасымалы бір жылда 69 пайызға өскен.
Тараптар келешекте маршруттың өткізу қабілетін жылына 20 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Иранда Қазақстанның жеке терминалы салынбақ
2026 жылғы 28 маусымда Қазақстан мен Иран маңызды келісімге қол қойды. Оған сәйкес, Иранның Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында Қазақстанның көлік-логистикалық терминалы салынады. Жобаға 27 жылға келісім жасалған. Алғашқы екі жыл терминал құрылысына, кейінгі 25 жыл оны пайдалануға беріледі.
Қазақстан билігі бұл нысан арқылы Парсы шығанағы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына шығу мүмкіндігін кеңейтуді көздейді.
Жаңа санкциялар Қазақстанға қауіп төндіре ме?
Трамптың мәлімдемесі Қазақстан үшін теориялық мәселе емес. Себебі Астана Иранмен сауда көлемін арттырып, теміржол бағыттарын кеңейтіп, ірі порттық инфрақұрылым жобасына кірісіп отыр.
Соған қарамастан, әзірге Қазақстанға тікелей қауіп төнді деген нақты қорытынды жасауға ерте.
20 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан тарапы Иранмен сауданы қысқарту, бірлескен жобаларды тоқтату немесе Шахид-Раджаи портындағы терминал құрылысынан бас тарту туралы ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Негізгі мәселе – Вашингтон Иранмен қандай экономикалық байланысты үшінші елдерге санкция салуға жеткілікті деп санайтынында. Қазақстан үшін тәуекел осы талаптардың нақты мазмұны жарияланғаннан кейін айқындала түспек.