Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Экономика

Қазақстанның Ресейден сатып алған электр энергиясына жұмсаған шығыны күрт өсті

Қазақстанның Ресейден сатып алған электр энергиясына жұмсаған шығыны күрт өсті
Сурет: Data Hub

2026 жылдың қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанның Ресейден импорттаған электр энергиясына жұмсаған қаржысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87 пайызға өсіп, 156 миллион АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды Arasha.kz, Data Hub-қа сілтеме қалдыра отырып.

Бұл - кемінде 2020 жылдан бергі қаңтар–мамыр аралығындағы ең жоғары көрсеткіш.

Осы кезеңде Ресейден жеткізілген электр энергиясының көлемі де артқан. Бес ай ішінде Қазақстан 1,37 миллиард киловатт-сағат электр энергиясын импорттаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп. Дегенмен, жеткізу көлемінің өсуіне қарағанда, шығынның айтарлықтай артуына электр энергиясының қымбаттауы негізгі себеп болған.

Мәліметке сәйкес, бір киловатт-сағат электр энергиясының орташа бағасы бір жылда 49 пайызға өсіп, 0,11 АҚШ долларын құрады. Ал теңгемен есептегенде өсім 42 пайыз болған. Сарапшылар Ресейден келетін электр энергиясының бағасы соңғы жылдары біртіндеп өсіп келе жатқанын атап өтеді.

Қазақстан Ресейден электр энергиясын негізінен таңертең және кешкі уақытта, яғни тұтыну ең жоғары деңгейге жететін мезгілде сатып алады. Себебі дәл осы уақытта елдегі электр станцияларының өндірісі ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Сұраныстың уақытша артуы импорттық электр энергиясының бағасына да әсер етеді.