Logo
Іздеу
Айдарлар

"Кезекті жеңісіміз... Болашағы ашық болсын": Белгілі заңгер ел асыға күткен мәлімдемені жасады

/
"Кезекті жеңісіміз... Болашағы ашық болсын": Белгілі заңгер ел асыға күткен мәлімдемені жасады
Orda.kz коллажы. Суретте: Мейірман Шекеев пен Қаржаубай Нұрымов

Адвокат Мейірман Шекеев Қаржаубай Нұрымовқа қатысты қозғалған қылмыстық істің тағдырына байланысты көпшілікті қуантқан мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Arasha.kz.

Заңгердің айтуынша, қоғамда түрлі алыпқашпа әңгімелер мен жалған болжамдардың алдын алу үшін істің соңғы нәтижесін ашық жариялау қажет болған.

Мейірман Шекеев істің ұзақ уақытқа созылуына байланысты бұған дейін нақты пікір білдіре алмағанын жеткізді. Оның сөзінше, тергеу аяқталмай тұрып, ақпарат тарату дұрыс болмаған.

"Осы уақытқа дейін жауап бере алмадық, өйткені іс жалғасып жатты. Десе де, осы аралықта қаншама атқарылған жұмыстардың арқасында, біз бұл нәтижеге қол жеткізе алдық деп ойлаймын. Иә, мойындау керек, Қаржаубайдың кейбір жаулары біздің үнсіздігімізді Қаржаубай сотталатынға сайып, бағып жүрді. Алайда бұл істе сол кезде жәбірленуші болған полиция қызметкерлерінің адамгершілігі биік болды. Соның негізінде және құқық қорғау органдарының бұл істе объективтілік танытқанының арқасында Қаржаубайға қатысты қозғалған қылмыстық іс Қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабының 1-бөлігінің 12-тармағының негізінде тоқтатылды", – деп атап өтті.

Заңгер бұл шешімді қорғаушылар тобы үшін де маңызды жетістік екенін атап өтті.

"Қаржаубайға інім ретінде болашағы енді ашық-жарқын болсын деп тіледім. Мұндай қиын жағдайға енді түспесе екен деймін, себебі оның көтерген жүгі түптеп келгенде ең ауыр жүк екені анық", – деп түйіндеді.