Кремльге жақын дереккөздерге сілтеме жасаған Reuters агенттігі Владимир Путин мен Дональд Трамптың Украинадағы соғысты тоқтату туралы алдын ала келісімдерінің кейбір тұстарын жариялады, деп хабарлайды Arasha.kz.
Тараптар Украина Қарулы Күштерінің Донбастан толық шығуы шартымен соғысты тоқтату мәселесін әлі тамыз айында Аляскада өткен кездесуде талқылаған.
Майдан шебі қалай өзгеруі мүмкін? Ресей тарапы Донбастан өзге аймақтардағы қарулы қақтығысты қазіргі майдан шебі бойынша тоқтата тұруға әзір екенін білдірген. Мәскеу осы аумақтардағы соғыс қимылдарын тоқтату мүмкіндігін қарастырып отыр, алайда бұл шешімнің басты кепілі — Донбастың толықтай Ресей бақылауына өтуі болмақ.
Негізгі түйткіл бүгін Абу-Дабиде өтетін жоғары деңгейдегі келіссөздерде аумақ мәселесі басты назарда болады. Ресейлік делегация мен америкалық өкілдер осы «бейбіт жоспардың» егжей-тегжейін талқыламақ.
Десе де, дипломатиялық шешімге келу оңай болмайтын түрі бар. Украина тарапы Донбастан әскер шығару туралы талапты мемлекеттің егемендігіне нұқсан келтіретін шарт ретінде қарастырып, оны үзілді-кесілді жоққа шығарып отыр. Киевтің позициясы бойынша, кез келген бейбіт келісім халықаралық деңгейде танылған шекаралардың тұтастығына негізделуі тиіс.
Батыстық басылымдардың жазуынша, Аляскада басталған Путин мен Трамптың диалогы қазір шешуші кезеңге аяқ басты. Алайда, Киевтің қатаң қарсылығы мен аумақтық даудың күрделілігі бейбіт процестің тез арада нәтиже беретініне күмән ұялатады.