Logo
Іздеу
Айдарлар

Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын $500 млн-ға арттыруға ниетті

/
Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын $500 млн-ға арттыруға ниетті
Сурет: Үкімет

Қазақстан мен Моңғолия тауар айналымын едәуір ұлғайтуды көздеп отыр. Тараптар орта мерзімді кезеңде өзара сауданы 500 млн АҚШ долларына жеткізуге ниетті, деп хабарлайды Arasha.kz.

Бұл мәселе Серік Жұманғарин мен Моңғолия премьер-министрінің орынбасары Хассуурийн Ганхуягтың кездесуінде талқыланды. Кездесуде екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың тарихи негізі бар екені, ал Моңғолияның Қазақстан үшін Азиядағы маңызды серіктес саналатыны атап өтілді.

Негізгі екпін сауда-экономикалық ынтымақтастыққа қойылды. Тауар айналымын арттыру жеткізілетін өнім түрлерін кеңейту, кооперациялық жобаларды дамыту және саудадағы кедергілерді біртіндеп жою арқылы жүзеге асырылмақ. 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында екі ел арасындағы тауар айналымы 121,5 млн долларды құраған.

Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласындағы әлеует жоғары бағаланды. Қазақстан аграрлық өнім экспортын арттыруға және Моңғолия аумағында бірлескен өндірістерді дамытуға мүдделі. Ал моңғол тарапы тарифтік емес кедергілерді жою және стандарттау мен ветеринария саласындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін бірлескен жұмыс тобын құруды ұсынды.

Кездесу қорытындысында тараптар өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін растады.