Немістің әйгілі Scorpions рок-тобының құрамында ұзақ жылдар өнер көрсеткен бұрынғы бас-гитарист Фрэнсис Бухгольц дүниеден өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Фрэнсис Бухгольц 22 қаңтар күні қатерлі ісіктен көз жұмған. Ол 71 жаста болған.
«Қатерлі дертпен күрескен барлық кезеңде біз әрдайым оның жанында болдық. Отбасы болып, барлық қиындықты бірге еңсердік. Ол бізге дәл осылай өмір сүруді үйреткен еді», – деп жазды музыканттың отбасы.
Фрэнсис Бухгольц музыкамен 11 жасынан бастап айналысқан. Ол 1965 жылы Ганновер қаласында құрылған Scorpions тобының құрамында 1973 жылдан 1992 жылға дейін бас-гитарист болды. Топтың жарық көрген 19 студиялық альбомының 10-ы Бухгольцтің қатысуымен жазылған.
Музыканттың Scorpions тобынан не себепті кеткені нақты белгісіз. Бір деректерде бұл «жеке мәселелерге» байланысты делінсе, басқа нұсқаларда қаржылық қиындықтар аталады. Ол кеткеннен кейін топқа салық полициясының қызығушылық танытқаны да айтылады.
2012 жылы Фрэнсис Бухгольц Scorpions тобының бұрынғы соло-гитарисі Михаэль Шенкермен бірге Temple of Rock туры аясында гастрольдік сапарға шыққан. Сондай-ақ ол Шенкермен 2013 және 2015 жылдары альбомдар жазған.
