Қазақстанда Конституцияға енгізілуі мүмкін өзгерістер аясында жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режим мәселесі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осы тақырыпқа қатысты Мәжіліс депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым өз пікірін білдіріп, бұл бастаманың ел егемендігіне ешқандай қауіп төндірмейтінін атап өтті, деп хабарлайды Arasha.kz.
Айдос Сарымның айтуынша, арнайы құқықтық режим ұғымы көпшілік ойлағандай мемлекеттің тұтастығын әлсірету немесе Конституцияны айналып өту емес. Керісінше, бұл – заман талабына сай әкімшілік және экономикалық процестерді жеңілдетуге бағытталған тетік.
"Мұқият тыңдасаңыз, ол кісі конституцияда арнайы принципін белгілейік деп отыр. Мәселен, Алатау деген қаланы салайын деп отырмыз. Заманауи, жоғары технологиялы қала болады. Қазақстанның егемендігіне қалай қарсы болады?! Қандай зиян келтіруі мүмкін? Заң бойынша онда жүрген адамдар, оның жері, жер астындағы байлығы – бәрі халықтікі. Бұл жердегі ерекшелігі – әкімшілік процедураларға байланысты. Мысалы, Астанада "Astana Invest" деген биржамыз бар, олардың бөлек соты бар. Олар өзара компаниялар арасындағы дау-дамайды ғана шешеді. Бірақ сол жердегі бір адамның "басы шығып, көзі жарылып кетсе" ол Қазақстанның заңы бойынша жауап береді", – деді Айдос Сарым.
Еске сала кетейік, бұған дейін Конституциялық комиссияның отырысында Астана халықаралық университетінің Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Исидор Борчашвили жекелеген аумақтар үшін арнайы құқықтық режимді бекіту елдің құқықтық кеңістігінің біртұтастығын қамтамасыз етуі туралы айтқан еді.