Қытай астанасындағы соңғы оқиғалар әлемдік қоғамдастықты елең еткізді. Елдегі саяси конфигурация түбегейлі өзгеріп, Орталық әскери кеңестің (ОӘК) негізгі тұлғалары «ойыннан шығарылды». Қазіргі уақытта қорғаныс саласын басқару тізгіні толығымен Си Цзиньпин мен оның жеке сеніміне ие шектеулі тұлғалардың қолына өтті.
Төңкеріс әрекеті және «Цзинси» қонақүйіндегі атыс
Дереккөздерге сүйенсек, 19 қаңтарда екі жоғары лауазымды генералдың ұсталуы нағыз саяси дүмпу тудырды. Алдын ала мәліметтер бойынша, 18 қаңтардан 19-ына қараған түні генералдар Чжан Юся мен Лю Чжэньли үкіметтік «Цзинси» қонақүйінде Си Цзиньпинді тұтқындауды жоспарлаған.
Алайда, операция басталуға екі сағат қалғанда құпия жоспар әшкере болып, Си Цзиньпин қонақүйден кетіп үлгерген. Соған қарамастан, Чжан Юся нысанға алдыңғы қатарлы жасақты жіберіп, нәтижесінде офицерлер мен Бас хатшының күзеті арасында атыс болған. 24 қаңтарда ҚХР Қорғаныс министрлігі бұл генералдарға қатысты «тәртіп пен заңды өрескел бұзғаны үшін» тергеу басталғанын ресми түрде растады.
Бұл оқиғаның басты фигуранты — Си Цзиньпиннің «оң қолы» саналған Орталық әскери кеңес төрағасының орынбасары Чжан Юся. Оған келесідей ауыр айыптар тағылуда:
Қытайдың ядролық бағдарламасы туралы ақпаратты АҚШ-қа берді деген күдік;
Пара алу және өкілеттігін асыра пайдалану;
Партия бірлігіне нұқсан келтіретін ықпал ету желілерін құру.
Екінші айыпталушы — ОӘК Біріккен штабының бастығы Лю Чжэньли. Ол армияны жаңғыртудағы негізгі тұлға саналған, бірақ оның қылмыстық ісінің егжей-тегжейі әлі жарияланған жоқ. Батыс сарапшылары бұл оқиғаны Си Цзиньпиннің коррупцияға қарсы және «саяси сенімсіз» тұлғаларды тазарту науқанының жалғасы деп бағалайды.
Кадрлық «тазарту» және жаңа ережелер
Си Цзиньпин 2022 жылы жасақтаған әскери команданың барлығы дерлік қызметтен шеттетілген немесе тергеуге алынған. Қызметінде тек Бас хатшының өзі және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитет басшысы Чжан Шэнминь ғана қалды. Бұған дейін Қорғаныс министрі Ли Шанфу мен адмирал Мяо Хуа да өз лауазымдарынан айырылған болатын.
Бұл оқиға Қытай саясатындағы қалыптасқан «жазылмаған ережелерді» бұзды. Ендігі жерде жоғары лауазым да, ата-тегі де (коммунистік «ақсүйектердің» ұрпағы болу) жазадан құтқара алмайды. Си Цзиньпин «қызыл сызықты» кесіп өткен кез келген адамның соңы қайғылы болатынын аңғартты.
Сарапшылардың пікірінше, бұл «генералопадтың» астарында Тайвань мәселесіне қатысты келіспеушіліктер жатуы мүмкін. Си Цзиньпин Мадуроның оқиғасынан (оны ЦРУ агенті болып шыққан сенімді генералы сатып кеткен) сабақ алған көрінеді. Тайвань үшін ықтимал қақтығыс басталғанда, ол жанындағылардың адалдығына нық сенімді болғысы келеді. Егер мемлекеттік төңкеріс әрекеті шынымен болған болса, ол түп-тамырымен жойылды деуге толық негіз бар.