Еуропалық Одақ (ЕО) Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын (ИРСК) террористік ұйымдар тізіміне қосты. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Қуғын-сүргін жасағандар жазасыз қалмайды. Еуроодақтың бас дипломаты Кая Каллас бұл шешімнің саяси астарын түсіндіре кетті.
«Қуғын-сүргін жауапсыз қалмауы тиіс. ЕО елдерінің сыртқы істер министрлері Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусын террористік ұйым деп тану туралы шешуші қадам жасады», — деп жазды ол.
Санкциялар қыспағы Бұған дейін Еуроодақ Иранның 15 лауазымды тұлғасына және 6 ұйымына қарсы санкциялар енгізген болатын. Каллас ханым Иран билігінің наразылық шараларын күшпен басып-жаншуына байланысты қатаң шаралар қолданылатынын алдын ала ескерткен еді.
«Ирандағы наразылық кезінде қаза тапқандар саны мен режимнің қолданған әдіс-тәсілдері өте ауыр сипатқа ие. Сондықтан біз нақты белгі беріп отырмыз: егер сіз халықты езіп-жаншысаңыз, оның өтеуі болады және ол үшін тиісті жаза қолданылады», — деді дипломат.
Ислам революциясы сақшылар корпусы — Иранның элиталық әскери-саяси құрылымы. Енді бұл ұйымның Еуропа аумағындағы активтері бұғатталып, оның мүшелеріне қатысты шектеулер күшейтілмек.