Logo
Іздеу
Айдарлар

24 жастағы жігіт медицина университетіне оқуға түсу үшін өзінің бір аяғын кесіп тастады

/
24 жастағы жігіт медицина университетіне оқуға түсу үшін өзінің бір аяғын кесіп тастады
shutterstock.com

Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Джаунпур қаласында 24 жастағы жігіт медициналық университетке түсу үшін тосын әрекетке барған. Ол өзіне әдейі ауыр жарақат жасап, мүгедектік туралы құжат алуды көздеген, деп хабарлайды Arasha.kz.

The Times of India басылымының жазуынша, фармацевт мамандығы бойынша білім алған Сурадж Бхаскар полицияға екі белгісіз адамның өзіне шабуыл жасап, ауыр жарақат салғанын айтқан. Осы дерек бойынша құқық қорғау органдары "адам өлтіруге оқталу" бабы бойынша іс қозғаған.

Алайда тергеу барысында жігіттің айтқандары бір-біріне сәйкес келмей, ол бірнеше рет өз нұсқасын өзгерткен. Шындықты оның жеке күнделігіндегі жазбалар ашқан. Күнделікте Сурадж 2026 жылы медициналық оқу орнына түсуді жоспарлағанын және болашақ некесі туралы ойларын жазып жүргені анықталған.

Жігіттің сүйіктісі тергеушілерге оның медицина факультетінің студенті болу идеясымен қатты әуестенгенін, бұған дейін шетелдегі медициналық ұйымдар арқылы тиісті құжаттарды алуға тырысқанын, алайда ол әрекеттері сәтсіз аяқталғанын айтқан.

Полиция "шабуыл" болған түні Сураджға ешкім жақындамағанын анықтады. Ақырында ол қылмысты өзі ұйымдастырғанын мойындап, мүгедек мәртебесін алу үшін бәрін қолдан жасағанын жеткізген. Тергеу нұсқасын оның үйінің маңынан табылған медициналық құрал-жабдықтар да растаған.