Logo
Іздеу
Айдарлар

Трамп: АҚШ Иранға Венесуэладан да көп әскери күш аттандырды

/
Трамп: АҚШ Иранға Венесуэладан да көп әскери күш аттандырды
Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ Президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранға қатысты ұстанымын тағы да қатаңдатты. Оның айтуынша, Құрама Штаттар Иран жағалауына Венесуэлаға жіберілгеннен де ауқымды әскери күш жұмылдырған. Бұл туралы Ақ үйде жаңа жарлықтарға қол қою рәсімі кезінде белгілі болды, деп хабарлайды Arasha.kz.

Трамп журналистерге берген сұхбатында Иран бағытына қарай бет алған теңіз күштерінің ауқымына тоқталды:

«Бізде қазір Иранға қарай бет алған үлкен флотилия, армада бар – оны қалай атасаңыз да өз еркіңіз. Оның қуаты тіпті біздің Венесуэладағы күштерімізден де асып түседі», — деді Америка лидері.

Президенттің сөзіне қарағанда, Ақ үй Тегеранмен келісімге келуден әлі де үмітті, бірақ кез келген жағдайға дайын отыр. Трамп АҚШ-тың мақсаты тек күш көрсету емес, нәтиже шығару екенін меңзеді.

«Біз Иранға көбірек кемелер жіберіп жатырмыз және мәмілеге келеміз деп үміттенемін. Егер ортақ келісім тапсақ, бұл жақсы болады. Ал егер келісе алмасақ, онда алда не болатынын көре жатармыз», — деп түйіндеді сөзін АҚШ Президенті.

Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы жағдай ушығып тұр. АҚШ-тың бұл қадамы Тегеранға жасалған тікелей қысым ретінде бағалануда. Сарапшылардың пікірінше, «армаданың» аттануы Иранды ядролық бағдарлама мен аймақтық саясат бойынша келіссөздер үстеліне қайтаруды көздейді.