Сауд Арабиясының қорғаныс министрі, ханзада Халед бен Салман Әл Сауд жұма күні Вашингтонда өткен жабық брифингте егер АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қатысты қоқан-лоққыларын жүзеге асырмаса, ирандық режим одан әрі күшейе түсетінін айтқан. Бұл туралы шараға қатысқан дереккөздерге сүйенген Axios жазды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Басылымның жазуынша, Сауд Арабиясы ресми мәлімдемелерінде аймақтағы жағдайдың ушығуынан сақтандырып келеді. Үш апта бұрын мұрагер ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Сауд та Трампқа осы алаңдаушылығын жеткізген. Axios дерегінше, дәл осы ескерту Трамптың соққы жасауды кейінге қалдыруына себептердің бірі болған.
Мұрагер ханзаданың інісі Халед бен Салман Әл Сауд Иран мәселесі бойынша келіссөздер өткізу үшін Вашингтонға келген. Бейсенбі күні ол Ақ үйде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио, Пентагон басшысы Пит Хегсет, Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф және Біріккен штаб бастықтары комитетінің төрағасы Дэн Кейнмен ұзақ кездесу өткізген.
Axios дереккөзіне сәйкес, кездесуде басты назар АҚШ-тың Иранға соққы беру мүмкіндігіне аударылған. Алайда бұған дейін, сәрсенбі күні Иран президентімен телефон арқылы сөйлескен Сауд Арабиясының мұрагер ханзадасы корольдік АҚШ-қа өз әуе кеңістігін Иранға шабуыл жасау үшін пайдалануға рұқсат бермейтінін мәлімдеген.
Axios мәліметінше, оның інісі жұма күні Вашингтонда сарапшылармен кездесуде Трамп бірнеше апта бойы айтылған қоқан-лоққылардан кейін әскери әрекетке баруға мәжбүр болады деп санайтынын және сонымен қатар аймақтық эскалация қаупін барынша азайтуға тырысатынын айтқан.
Басылымның пайымдауынша, саудиялықтар Трамптың соққы жасау туралы шешім қабылдағанына көз жеткізіп, бұл қадамға қарсы тарап ретінде көрінгісі келмеген болуы мүмкін.